Ақтөбе ауруханалары дәрігер тапшылығын анық сезіне бастады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде өкпенің қабынуынан ауруханаға түсіп жатқандарды емдейтін маман тапшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша барлығы 35 медицина қызметкері коронавирус инфекциясын жұқтырған. Көбінің ауру белгісі жоқ. Қазіргі кезде облыстық денсаулық сақтау басқармасы ауруханаларға қажетті терапевт маманды іздеуге көшті. Себебі соңғы тәулікте пневманиямен ауырғандар қатары артты.

«Қазір бізде кадр тапшы. Оны жасыра алмаймыз. Мәселен, теміржол ауруханасында жатқан 200 науқасты 20 адам емдеуі тиіс. Бірақ өткен түнде төрт дәрігер мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының бір өкілі жұмыс істеді. Себебі, қазір өзімізде бар дәрігерлерге сенім артқан күннің өзінде сол түні 7 адам еңбек етуі тиіс еді. Бірақ екі медицина маманы келіп, жұмыс жүктемесін көріп, бас тартты. Өзім телефон шалып, көмек сұрадым, бірақ олар денсаулықтарына шағымданды. Жасы келгенін, вирус жұқтыру қаупі жоғары екені ескерілді. Қазір медицина қызметкерлерін жүйелеу көзделіп отыр. Барлық емханаларда жоспарлы жұмыстар уақытша тоқтатылады. Енді ол адамдар аурухана жұмысына көмектеседі», - деді Светлана Есенаманова.