Болат Өтемұратовтың қоры бүгін Ақтөбе балалар ауруханасына үлкен сый жасады. Құны 21,8 миллион теңге болатын кереует баланың арқасы, аяғы мен жамбасын емдеуге ыңғайлы. Сонымен қатар, бас-ми жарақаты, буын, жүрек отасынан шыққан науқасқа күтім жасауға мүмкіндік береді.
«Кереует іші ауамен толтырылады. Бұл арқасы, жамбасы, басы ауыратын науқастар үшін қажет»,- деді Ақтөбе облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Нұржан Кожин.
Кереует жаз айында өткізілген қайырымдылық аукционы кезінде түскен қаржыға сатып алынды. Сонымен қатар, Петропавл, Талдықорған, Орал қалаларындағы емдеу орындарына медициналық құрал-жабдықтар мен техника сыйға берілді.
«Бұл қайырымдылық акциясына қатысқан адамдардың қаржысына сатып алынған кереует. Жаңа жабдық балалардың өмірін сақтауға мүмкіндік береді», - деді қордың директоры Марат Аймағамбетов.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыстық балалар ауруханасына күйік шалған 83 бала түсті. Оның 20-сы ауыр жағдайда болды. Ал газ баллон жарылған кезде үйінде болған 17 жастағы жасөспірім қаза тапты. Дәрігерлер жаңа кереует жағдайы аса ауыр балаларды аман алып қалуға көмектеседі деп отыр.