Ақтөбе облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, облыс орталығына «Yutong» маркалы 75 автобус әкелінген. Тағы 25-і 20 маусымға дейін әкелінеді деп жоспарланған.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов жаңа автобустарды қарап шықты.
«Qala Trans» өкілдері қала маңындағы тұрғын үй алаптары және шаһар тұрғындары тарапынан өтініш көп түсуіне байланысты 19 маусымнан бастап № 7, 28, 5 маршруттарға қызмет көрсету үшін жаңа автобустар желіге шығатынын хабарлады.
«Yutong» маркалы автобустардың салоны 12 кондиционермен жабдықталған. Арнайы сенсор жүргізушінің шаршағанын немесе жұмыстан алшақтап кеткенін автоматты түрде анықтайды. Сондай-ақ, алдыңғы әйнекке қойылған сенсор жолақты бақылап, жолдағы кедергілерді көрсетеді. Оқыс оқиға кезінде алдында келе жатқан көліктің тежегіші шұғыл басылса, автобус өздігінен тоқтайды.
Ералы Тоғжанов Ақтөбе қаласының ТКШ бөлімінің басшылығына Жаңақоныс, Шилісай, Ақжар-2 тұрғын үй алаптарын қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырды.
№5 бағыттағы қоғамдық көлік Жібек жолы тұрғын үй алабы тұрғындарына қызмет көрсетеді.
Осы 100 жаңа автобустан бөлек, осы жылдың соңына дейін сыйымдылығы үлкен 50 автобус сатып алынбақ.