«Ақтөбе» әйелдер арасындағы ел біріншілігінде гол соғудан рекордты жаңартты
АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатының алтыншы турында «Ақтөбе» командасы қарсылас қақпасына гол соғу жөнінен рекордты жаңартты.
Ақтөбелік футболшылар биылғы біріншілікті сәтті өткізіп келеді. Бес турда төрт мәрте жеңіске жетіп, небәрі бір кездесуде тең нәтижеге қанағат білдірді. Қарсыластар қақпасына 36 гол соғып, өз қақпасына небәрі 2 гол жіберіп алды.
Бұл жолы да сәттілік сериясын жалғастырды. Олар өз алаңындағы «Атырауды» 19:0 есебімен жеңіп, бұған дейін тіркелген рекордты жаңартты.
Нәтижесінде ақтөбелік команда небәрі алты турда қарсыластар қақпасына 55 гол соғып үлгерді.
Айта кетсек, бұдан бұрын екінші турда түркістандық «Тұран-Томирис» көкшетаулық «Оқжетпесті» 18:0 есебімен тізе бүктірген еді.
Алтыншы турдағы қалған ойын нәтижесі төмендегіше:
«Қайрат» (Алматы) — «Қайсар» (Қызылорда) 4:1
«Ұлытау» (Жезқазған) — «Елімай» (Семей) 1:2
«Астана» — «Тобыл» (Қостанай) 0:0
«Қызылжар» (Петропавл) — «Жетісу» (Талдықорған) 1:0 .
Дәл қазір БИИК (Шымкент) — «Оқжетпес» (Көкшетау), «Томирис-Тұран» (Түркістан) — «Жеңіс» (Астана) кездесууі өтіп жатыр.
Биыл Қазақстан футбол федерациясы талабымен ерлер клубтарының жанынан әйелдер құрамалары құрылған. Өткен жылы чемпионатқа тек 4 өңірден 5 команда ғана тіркелген еді.
Әр команда сапында кемінде қазақстандық футбол мектебінің 13 түлегі болуға тиіс деген талап қойылып отыр. Оған 2009 жылы және одан ерте дүниеге келген футболшылар қатыса алады.