«Тұран-Томирис» командасы «Оқжетпес» қақпасына жауапсыз 18 гол соқты
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатының екінші туры мәресіне жетті.

Аталған турда кейбір командалар қарсыластарын ірі есеппен тізе бүктірді. Осындай есептің бірі «Тұран-Томирис» (Түркістан) пен «Оқжетпес» (Көкшетау) кездесуінде тіркелді.
Бірінші кезеңде түркістандық команда қақпасына жауапсыз тоғыз гол соқты. Екінші кезеңде де дәл сондай голды қақпаға тоғытты. Осылайша «Тұран-Томирис» қарсыласынан 18:0 есебімен басым түсті. Бұл - биылғы ел біріншілігіндегі рекордтық көрсеткіш. Әзірге бұдан жоғары есеп тіркелген жоқ.
Сондай-ақ аталған турда өз алаңында «Астана» шымкенттік БИИК клубына 0:9 есебімен жеңілсе, «Ақтөбе» қызылордалық «Қайсардан» 8:0 есебімен басым түсті.
Екінші турдағы өзге ойындар нәтижесі:
«Қызылжар» (Петропавл) - «Ұлытау» (Жезқазған) 1:0
«Қайрат» (Алматы) - «Елімай» (Семей) 0:2
«Жеңіс» (Астана) - «Жетісу» (Талдықорған) 2:0
«Атырау» - «Тобыл» (Қостанай) 1:1.
Аталған турдан кейін БИИК пен «Ақтөбе» алғашқы екі орынды өзара бөліссе, үздік үштікті төрт ұпаймен «Тұран-Томирис» түйіндеп тұр.
Жарыс ережесіне сәйкес әр команда сапында кемінде қазақстандық футбол мектебінің 13 түлегі болуға тиіс деген талап қойылып отыр. Оған 2009 жылы және одан ерте дүниеге келген футболшылар қатыса алады.