Жеребе бойынша үшінші топқа түскен ақтөбелік ұжым Исландияның «Брейдаблик», Швейцарияның «Серветт» және Беларусьтің «Динамо-Минск» командаларымен бірге келесі кезеңнің жолдамасын сарапқа салып жатыр.
Мини-турнирдің қожайыны әрі ұйымдастырушысы болып Ақтөбе қаласы бекітілді. Топтағы барлық матч Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионда өтіп жатыр.
Жолдама үшін тартыс 5 тамызда жартылай финалдық кездесуден басталды. Оның бірінде «Ақтөбе» исландиялық «Брейдабликпен» күш сынасса, тағы бір жұпта «Динамо-Минск» пен «Серветт» өзара мықтыны анықтады.
Жартылай финалдағы «Ақтөбе» — «Брейдаблик» кездесуінің негізгі кезеңі 1:1 есебімен тең аяқталды. Қазақстандық команда сапынан Екатерины Бабшук 12-минутта есеп ашса, арада төрт минут өткенде исландиялық командадан Кейтлин Дуонг таразы басын теңестірді.
Негізгі кезең тең аяқталғаннан кейін ойын овертаймға ұласты. Овертаймда жеңімпаз анықталған жоқ. Пенальти сериясында ақтөбелік команда басым түсті.
Тағы бір жартылай финалда «Серветт» «Динамо-Минск» командасын 3:0 есебімен жеңді.
Енді 8 тамызда «Ақтөбе» мен «Серветт» сынға түссе, 3-орын үшін «Брейдаблик» пен «Динамо-Минск» ойнайды.
Мини-турнир қорытындысы бойынша 2-орын алған команда еурокубок маусымын әйелдер арасындағы Еуропа кубогының екінші іріктеу кезеңінде жалғастырады. Ал 3-орынға табан тіреген ұжым осы турнирдің бірінші іріктеу кезеңіне аттанады. Бас жүлде — әйелдер арасындағы UEFA Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіне берілетін жолдаманы тек топ жеңімпазы ғана иеленеді.
Чемпиондар лигасының аталмыш кезеңінде барлығы 19 команда бақ сынайды. Айта кету керек, бірінші іріктеу кезеңінің негізгі матчтары 22 және 25 шілдеге жоспарланған. Алайда мини-турнирлердің кестесіне байланысты «Ақтөбе» қатысатын топтың ойындары тамыздың бірінші аптасына ауыстырылды. Іріктеудің екінші кезеңінде бес үздік командаға тағы 39 еуропалық клуб қосылады.
Еске салсақ, бұдан бұрын Швейцарияның Ньон қаласында UEFA Чемпиондар лигасы плей-офф кезеңінің жеребесі тартылып, қазақстандық «Қайрат» (Алматы) командасының ықтимал қарсыласы анықталды.