Ақтөбе облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті ақпан айының қорытындысын шығарды. Азық-түліктерден 7 сынама алынып, нәтижесінде мерзімі өткен 40 келі өнім жойылды.
«Capital Projests LTD» ЖШС-нің ұсақталып туралған тауық еті, «Milky Land» ЖШС-нің сүт өнімі, «Global Master Group» ЖШС-нің «Doka» туралған еті, «Жайық Агро LTD» ЖШС-нің «Сервелат зернистый» және «Сервелат финский» шұжығы, Ресейдің «МК «АГРОТЭК» ЖШҚ-ның «С говядиной» піскен шұжығының мерзімі өткен», - деп хабарлады облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің баспасөз қызметінен.
Сонымен қатар, ойыншықтардан 13 сынама алынды. Барлығы 5 жағдайда таңбалану дұрыс болмады. Оларда шығарылған елі, жері, атауы, тауарлық белгісі, өлшемі туралы мемлекеттік тілде ақпарат көрсетілмеген.
«Жеке кәсіпкерлерге кемшіліктерді жоюға 16 ұйғарым берілді. Тексеру кезінде 2 әкімшілік құқықбұзушылық бойынша хаттама толтырылып, 303 мың теңге айыппұл салынды», - делінген баспасөз хабарламасында.
Тексеру кезінде барлығы 337 сынама алынған. Олардың 56-сында техникалық регламент сақталмағаны анықталды.