Ақтөбе экологтары топырақ пен өзен суының сынамаларын алып, ластаушы заттарды анықтады

Фото: Коллаж: Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде экологтар бірнеше ауыл аумағында өзеннен, топырақтан сынама алды. Нәтижесінде ластаушы заттар анықталды.

Ақтөбе облыстық Экология департаментінің зертханалық талдауды бақылау бөлімі Темір ауданына барды. Онда Кеңқияқ, Шұбарши, Шеңгелші, Саға елдімекендері аумағындағы Ембі, Темір және Атжақсы өзендерінен сынама алды.

- Өзендердің 7 ағынынан сынамалар алынды. Кеңқияқ, Шұбарши ауылдарынан топырақ сынамалары алынып, атмосфералық ауа құрамындағы ластаушы заттарға өлшем жүргізілді. Іріктеу сынағы ай сайын өткізіледі. Жерүсті суларын зерттеу барысында су мен топырақтан алынған үлгілерде аммоний азоты, хлоридтер, сульфаттар, магний, кальций және т.б. ластаушы заттары анықталады. Ал атмосфералық ауаны өлшеу кезінде концентрацияның артуы анықталмады. ҚР су объектілеріндегі судың сапасын бағалаудың негізгі нормативтік құжаты «Су объектілеріндегі су сапасын жіктеудің бірыңғай жүйесі» болып табылады. Ембі және Темір өзендері ауыз су, шаруашылық және балық шаруашылығына жарамсыз төртінші класқа жататыны белгілі болды, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық экология департаменті.

Еске салсақ, Ақтөбеге ғалымдар мен табиғат жанашырлары жиналып, мұнай өндіріліп жатқан «Көкжиде» кен орнындағы таза суды қалай сақтап қалуға болатынын талқылады. Қазір мұнда 5 компания «қара алтын» өндірісімен айналысады. Жыл сайын судың ластану дерегі тіркеліп тұр.