АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде шағын электр стансасынан мыс ұрланды. Күдікті оны металл қабылдау орнына тапсырғысы келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облысы Мәртөк ауданының Петропавловка ауылында орналасқан шағын электр стансасының қызметкері мыс электр сымын ұрлап кеткенін айтып, полициядан көмек сұрады. Жедел іздестіру шаралары барысында Хромтау қаласының 39 жастағы тұрғыны ұсталды.
«Ұсталған азамат бұл әрекетін мойындап, осы қосалқы электр стансасынан сым ұрлағанын айтты. Содан кейін оны металл қабылдау орнына тапсырғысы келген. Залал сомасы анықталып жатыр. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Ұрлық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Алтынай Сағындықова
2001-2006 ж.ж. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін тәмамдады. Мамандығы - журналист. Еңбек жолын 2006 жылы "Kerek.info" қоғамдық-ақпараттық газетінен тілші болып бастап, шеф-редактордың орынбасары, шеф-редактор болды. Әртүрлі жылдары "Айқын" қоғамдық-саяси газеті, Bnews.kz, Aktobenews.kz тілші қызметін атқарды. 2017 жылдан бастап Kazinform агенттігінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі.