«Ақтөбе» футбол клубының жанкүйерлері, Самат Смаковтың фанаттары бүгін ерекше құрметке ие болды. Футболшы өзі кездесу өткізіп, ақтөбеліктерге қолтаңба беріп, бірге суретке түсті. Ал Гүлфара Дәулетова немересі Нариман Нұрланның тұсауын кестірді.
«Ұлым «баламның тұсауын футболшыға кестіремін» деп айтқанда қалжыңдап жүр деп ойладым. Ұлым Нұғмен футбол ойнағанды ұнатады әрі жанкүйер. Қуаныштымыз. Самат Смаков өтінішімізді бірден қабылдап, келісімін берді. Алдын ала келіп, дайындалып, екі сағат күттік. Немеремнің жолы болсын деп тілек айтамын»,- деді ақтөбелік Гүлфара Дәулетова. Кішкентай Нариманның тұсауын кестіріп, сыйлық жасаған отбасы футболшыға өз алғысын білдірді.
Айта кетейік, бүгін футболға жаны құмар, Самат Смаковтың шеберлігін шын бағалайтындар өз есімдерін жаздырып, өздерін алаңдатқан сұрақтарға жауап алды.