Ақтөбе индустриялық-инновациялық агломерация орталығына айналады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласы үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығының негіздерін қалыптастыру шеңберінде Мемлекет басшысының міндеттерін жүзеге асыру үшін қажетті мүмкіндіктердің жоғары әлеуетіне ие. Бұл туралы бүгін Ақтөбе агломерациясын дамыту мәселелері жөнінде өткен мәжілісте Премьер-министр Серік Ахметов айтып өтті.

Үкімет басшысының айтуынша, Ақтөбе - Қазақстан қалаларының ішіндегі жедел қарқынмен дамып келе жатқан қалалардың бірі, Мемлекет басшысы бұл өңірді Жолдауында Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан кейінгі агломерациялық орталықтардың бірі ретінде атап өткен.

- Ақтөбе агломерациясын өнеркәсіпті, оның ішінде металлургия, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары, логистиканы артықшылықпен дамыта отырып, индустриалдық-инновациялық орталық ретінде дамыту көзделіп отыр. Ақтөбеде бірқатар өнеркәсіптер шоғырланған, бұл жерде мұнай, газ өндіріледі, агроөнеркәсіптік кешен дамып келеді. Ал, ең бастысы, 100-300 шақырым радиуста ауқымды нарықтар бар, - деді С. Ахметов.

Облыстың өнеркәсіптік өндірістерін аралаған Үкімет басшысы көргендеріне көңілі толғанын білдірді.

- Өңірде өнеркәсіптік кәсіпорындар іске қосылуда, АӨК, құрылыс саласы дамуда. Мұның бәрі бірінші кезекте Мемлекет басшысының ең басты тапсырмасы - халықты жұмыспен қамту мәселелерін шешеді. Экономиканы әртараптандыру, құрылымдық өзгерістер, өнеркәсіпті дамыту аясында ең маңызды мәселелердің бірі - қазақстандықтарды жұмыспен қамту, яғни жаңа жоғары білікті жұмыс орындарын құру. Халықтың әлеуметтік әл-ауқатының жақсаруы осыдан басталады, - деді ол.