Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының бұрынғы басшысы бас бостандығынан айырылды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Сотталушы Нұрсұлтан Исембайұлы Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша айыпты деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен бірге азаматтық талап арыз ішінара қанағаттандырылды.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе облыстық сотының сот алқасы бұған дейін ақталып шыққан сотталушы Нұрсұлтан Исембайұлын бас бостандығынан айырды. Сотталушы сот залынан қамауға алынды.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

- Нұрсұлтан Исембайұлы Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша айыпты деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтесін. Жәбірленушінің азаматтық талап арызы ішінара қанағаттандырылып, 3 млн теңге материалдық шығын, заңды өкілге 1,5 млн теңге өндірілсін, - деді судья.

Сонымен бірге сотталушы мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Еске салсақ, Нұрсұлтан Исембайұлы Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарып жүрген кезде, яғни 2022 жылы Салтанат Сабырова жер алмақ болып Б.Олжагереевке өтініш айтады. Екеуі де Ақтөбе қалалық тиімді даму орталығының қызметкері. Айыптау актісіндегі дерекке сүйенсек, Нұрсұлтан Исембайұлы өз қызметтік кабинетінде Б.Оржагереевтен 3 млн теңге алған. Сөйтіп С.Сабыроваға жер учаскесін бөлуге ауызша келісім жасалған. Алғашқы сотта Н.Исембайұлы 2022 жылдың 27 қыркүйегі күні жұмыс орнында болмағанын, айыптау актісі тек Б.Олжагерев пен куәгер С.Сабырованың сөзіне құрылғанын айтты. 

Сот үкімі күшіне енген жоқ. Тараптар Кассациялық сотқа шығым түсіре алады.