Ақтөбе қаласында жабайы сауда мәселесі қалай шешіледі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Базар маңында жеміс-жидек, киім-кешек сататын саудагерлер облыс әкіміне үндеу жолдады. Ал қала әкімдігі арнайы орын дайындап жатқанын айтты.

Фото: видеодан алынған скрин

Ақтөбе қаласындағы Орталық базар маңында түрлі жеміс, киім сатып жүрген саудагерлер бүгін облыс әкімі Асхат Шахаровпен кездесуді сұрады. Олар көктемде шағым айтып, көмек сұраған кезде қалалық әкімдік жер бөліп, орын дайындайтынын хабарлады. Содан бері екі ай өтіп, жұмыс тиісті нәтижесін бермеген.

— Наурыз айында базар айналасынан орын қарастырылатыны айтылды. 14 мамыр болса да жұмыс аяқталмады. Бала-шағамыз бар, тамағымыз бар. Әйелдердің көбі көпбалалы, ерекше бала тәрбиелеп отырған ана. Олардың бірнеше несиесі бар. Баспанасы да жоқ. 3-4 айдан бері әкелген заттарымыз шіріп кетті. Бір емес, бірнеше айыппұлдан бар, — деді саудагерлер

Олардың айтуынша, мұнда барлығы 80 саудагер бар. Оның тең жартысы жеміс-жидек сатса, қалғаны киім-кешек саудалайды. Әкімдік ұсынған сауда орындары кішкентай әрі жолдың ортасында орналасқан.

Ақтөбе қала әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, көше бойында сауда жасап отыратын адамдарды жинап, бірнеше рет түсіндіру жұмысы жүргізілген. Сонымен бірге заңды сауда жасау үшін бір емес, екі орын ұсынылған.

— Киім-кешек сатушыларға «Астана» сауда үйі жанынан 30 орын берілді. Олар 10 күн бойы ақысын төлемейді. Кейін жалға алу құны күніне 1 мың теңге болады. Бірақ кәсіпкерлердің өздері ол жерден бас тартып отыр. Олар жайма базардың қызметін жалғастырып, жаяу жүргіншілер жолында заңсыз әрі ақысыз сауда жасауды сұрады. Сонымен бірге қазір Ж. Досмұхамедұлы көшесі бойынан 70 орындық павильон салынып жатыр. Құрылысы шамамен 2-3 аптада аяқталады. Құрылыс басталмас бұрын жерді заңдастыру, рұқсат алу рәсімдері жүргізілді. Жайма базарда сауда жасаған кәсіпкерлер павильон құрылысының аяқталуын күтеді. Бұл жерден де бас тартып жатқан адамдар бар, — деп хабарлады Ақтөбе қала әкімінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Қонаевта жабайы сауда үшін 2,5 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Мұнда жабайы сауда орны саябаққа айналды