Ақтөбе қаласы мен аудандарда 40 мектеп эвакуациялық пункт ретінде жабдықталып, үйіне су кірген адамдарға берілді. Мұнда барлығы 4 мыңға жуық адам қоныстанса, тең жартысына жуығы бала болды. Үш аптаға жуық уақыт өткенде үйіне оралғандар саны артып, мектептер де өз қызметіне қайта көшіп жатыр.
– Қазір 5 колледж бен 3 мектеп эвакуациялық пункт қызметін атқарып тұр. Мектептер Ырғыз және Ойыл аудандарында. Барлығы 8 білім беру нысанында мыңнан астам адам бар. Оның 314-і мектеп жасындағы бала. Ал қаладағы мектептерде орналасқан эвакуациялық бекеттер біртінден жабылып, тұрғындар екі жоғары оқу орнының жатақханасына, бір қонақүй мен медресеге орналастырылды. Олардағы адам саны – 349, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық Білім басқармасының баспасөз қызметі.