Ақтөбе қаласының жан-жағында су бұру каналдары салынып жатыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Көктемгі тасқын кезінде су жиналған аумақтарда су бұру арықтары қазылып, салынып жатыр. Жиналған қар сулары өзендерге құяды.

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Ақтөбе қаласының бірнеше тұрғын алабында көктемгі су тасқынына қарсы күрес жұмыстары жүргізіліп жатыр. Су бұру арналарының бірі Құрашасай және Қанағат тұрғын алаптарында салынды. Мұнда ұзындығы 3,5 шақырымдық канал қазылып жатыр. Бұл жұмыс былтыр басталған.

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

 

- Құрашасай мен Қанағат тұрғын алабындағы үйлерге көктемгі су тасқыны кезінде қауіп төнді. Бұл мәселені шешу үшін былтыр айналма каналдың құрылысы басталды. Біз жұмыстың басым бөлігін бітірдік. Осы каналдың арқасында биыл бұл тұрғын алаптарында орналасқан үйлер су басудан аман қалды. Қазір топырақты тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыстың арқасында еріген қар суы елді мекендерді айналып өтіп, Жіңішке өзеніне құяды, - деді мердігер компания басшысы Александр Лисицкий.

Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жаңа қоныс-3, Шестихатка, Думан, Сая, Мағаджа және Көктем секілді тағы алты тұрғын алабында канал салынып жатыр. Сонымен бірге су басқан бау-бақша ұжымдарына ерекше назар аударылады. Қазір еріген қар суын бұру бойынша іс-шаралар «Ақтөберентген-14, 16», «Зеленстрой-1, 2», «АЗХС-1, 5, 3», «АЗФ-1, 2» саяжай ұжымдарында қолға алынған.

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

 

- Су тасқынына қарсы іс-шаралар аясында Ақтөбе су қоймасын қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл – стратегиялық нысан. Осы көктемде су қоймасы үлкен су ағынын ұстап қалды. Оның қауіпсіздігін одан әрі нығайту, сондай-ақ төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында біз оны қайта құруды бастадық. Сонымен қатар су қоймасының түбіндегі шөгінділерді тазарту жұмыстары жүргізіледі. Қалада және бірқатар ауылда бөгеттер жөнделіп, көпірлер нығайтылып жатыр. Облыс бойынша 22 жоба бар. Оларға 2,8 миллиард теңге бөлінді. Су тасқынына қарсы іс-шараларды тиімді үйлестіру үшін біз халықпен кездесіп, ақсақалдармен кеңесе отырып, жүргізудеміз, - деді облыс әкімі.

Су бұру арналарының құрылысы мен бөгеттерді жөндеу жұмыстары қыс мезгіліне дейін аяқталады деп жоспарланған.

Еске салсақ, биыл Ақтөбе қаласы маңындағы су қоймалары толып, су жіберілді. Салдарынан өзен жағасы мен бау-бақша ұжымдарындағы 3 мыңнан астам үйге техникалық бақылау жүргізілді.