Ақтөбе қаласы бюджетінің кіріс бөлігінің жоспары 100,9 пайызға орындалды

АҚТӨБЕ. 18 шілде. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласының әкімі Ерхан Омаровтың төрағалығымен өткен кеңесте 2012 жылдың 1-ші тоқсанында бюджеттік қаражаттың игерілуі мәселесі қарастырылды.

«Ақтөбе қаласының экономика және қаржы бөлімі» ММ-нің басшысы Қалима Ізбастенованың сөзіне қарағанда, 2012 жылға қалалық бюджеттің кіріс бөлігі 13 млрд. 928 млн. теңге сомасында бекітілді. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында қалалық бюджеттің кірісіне 6,9 млрд. теңге түсті, бұл болжамның 100,9 пайызын құрайды. Жоспардан артық  61,7 млн. теңге түсті.

Бюджеттің кіріс бөлігінің нақтыланған жоспары бірінші тоқсанда 16,6 млрд. теңге мөлшерінде толығымен қамтылды, оның ішінде трансферттер мен республикалық бюджеттен бөлінген 4,2 млрд. теңге және облыстық бюджеттен 3,3 млрд. теңге сомасында қаражат бар.

Бюджеттік қаражаттардың толық игерілуін қамтамасыз ету, тендерлерді уақытылы жариялау, мемлекеттік сатып алуларды өткізуде заңнамаларды сақтау, жоспарланған іс-шаралардың жүзеге асырылуын қадағалау бойынша бюджеттік бағдарламалардың жетекшілеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.