Ақтөбе қаласында өткен жылы көпқабатты үйдің ауласын абаттандыру жұмысы басталды. Биыл бұл іс жалғасады. 2021 жылы 200 аулаға балалардың ойын алаңы салынады. Сонымен бірге 10 ірі ойын кешені бой көтереді. Құрылыс тек қала орталығында емес, елді мекендерде де жүргізіледі.
«Балалар мен жасөспірімдерге арналған ойын, спорт алаңдарын салу – біздің міндет. Әкімдердің есеп беру кездесуінде қала тұрғындары бірнеше өтініш айтты. Біз тек облыс орталығындағы емес, жақын маңдағы ауылдардағы демалыс, спорт алаңының мәселесін шешуге күш саламыз», - деді қала әкімі Асхат Шахаров.
Былтыр қала аумағында көлік жолдарын жөндеу, абаттандыру, көгалдандыру және тұрғын үй құрылысы бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Ақтөбе қаласының автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы – 651 шақырым, оның 300 шақырымы асфальтбетонмен төселіп, 115 нысан жөнделді. Биыл 12 нысанның жолын орташа жөндеу, Рауан, Қызылжар-3 ауылдарындағы жолдарды салу, Тәжібаев көшесіндегі көпір өткелін жаңарту жоспарланған. Сондай ақ, Батыс -2 шағын ауданындағы Тәуелсіздік даңғылы бойының жолын қалпына келтіру жобасы жүзеге асырылады.
«2020 жылы соңғы 30-40 жылда бірінші рет Шанхай, Тұрғын үй қалашығы аудандарында, 8 шағын ауданда, қаланың көне бөлігінде ауласы бар аумақтар жөнделіп, асфальт төселді. Өңір басшысының тікелей тапсырмасымен биыл бұл бағыттағы жұмыс жалғасып, 230 аулаға асфальт төселеді. 45 мың шаршы шақырым алаңға гүл мен жасыл желек, соның ішінде 28 мың шақырымға көпжылдық өсімдік егіледі. 200 аулаға балалардың ойын кешені орнатылып, қала мен қалаға жақын елдімекендерге тағы 10 үлкен балалар алаңы салынады. Былтыр 50 мың шақырым алаңға жаяужол төселсе, биыл қаланың ескі бөлігіндегі, М.Оспанов, ағайынды Жұбановтар көшелеріндегі, Қарғалы тұрғын үй алабындағы және т.б. аудандардағы жүргіншілер жолы жаңартылады», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
Жарықты үнемдеу бағдарламасы аясында 350 көшедегі ескірген темірбетон тірек пен шамдарды алмастыру, шекті зиянды заттарды өлшеп, бақылап отыратын экологиялық датчик орнату қарастырылған. Инженерлік коммуникациямен қамтамасыз ету мақсатында газбен және энергиямен жабдықтайтын желі салу, төрт тұрғын үй алабын сумен жабдықтау жоспарланған. Жалпы алғанда 18 жоба әзірленді.
«2021 жылы «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы №27 тоғыз қабатты үй пайдалануға берілмек. Жаңақоныс ауылында 140 пәтерлі жатақхананың, «Нұр Ақтөбе» шағын ауданының №3, 4 мөлтек аудандарындағы жалға берілетін екі тұрғын үйдің, сонымен қатар, облигациялық қарыз есебінен №3 шағын ауданындағы тоғызқабатты бес үйдің құрылысы жоспарланған.
Осы жылдың соңына дейін 85,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетін болады. Үй кезегінде тұрғандар үшін «Нұр Ақтөбенің» №3, 4 мөлтек аудандарындағы алаңы 58 мың шаршы метр болатын немесе 1188 пәтері бар №12, 15, 17, 18 үйлерді салу жоспарланып отыр», - деді хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Қалада 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жобалық-сметалық құжатын әзірлеу аяқталады. Ясный, Сазды ауылдары мен Нұр Ақтөбе тұрғын үй алабында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды.