Ақтөбе - Қандыағаш тас жолын жөндеуге 65 млрд теңге қарыз алынады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Ақтөбе - Атырау» тас жолының Ақтөбе - Қандыағаш бөлігіне 65 миллиард теңге қарыз алынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеліктер асыға күткен Ақтөбе - Қандыағаш тас жолын жөндеу үшін Азия даму банкінен 65 миллиард теңге қарыз алынады. Бұл ақша 25 жылға берілмек. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде «ҚазақАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиал директоры Марат Махамбетов жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілгенін хабарлады.

«Өңірде республикалық маңызы бар жол 1892 шақырымды құрайды. Қайта жөндеу жұмыстары «Ақтөбе - Атырау - Астрахань» тас жолының 330 шақырымы Ақтөбе өңіріне тиесілі. Жолдың 100-160, 160-200, 236-275, 275-330 шақырымдары жөнделіп жатыр. Ал «Ақтөбе - Қандыағаштың» 89 шақырымдық жолы 2020-2023 жылдары салынады. Азия даму банкімен келісімшарт қазан айында жасалып, жыл соңында құрылысты бастайтын мердігерлер анықталады», - деді Марат Махамбетов.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бұл жол 9 метрге дейін кеңейтіледі. Құрылысты жүргізетін мердігерлер 2 жылға кепілдік береді.

Ал жергілікті жолдарды жөндеуге биыл 17 миллиард теңге жұмсалады. Барлығы 250 шақырым тасжол қалпына келтірілмек.

«Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық, Ақтөбе-Родниковка, Хромтау-Бадамша, Ойыл-Шұбарқұдық арасындағы жолда көлік аз. Сондықтан бұл жолдар орташа жөндеуден өтеді. Шамамен шақырымына 30-35 миллион теңге жұмсалады. Жолды салғанда 15-20 см цемент қосылған қиыршық тас, кейін 5 см асфальт төселеді», - деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұркен Әспенов.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев өңірге сапары кезінде «Ақтөбе - Қандыағаш» жолында қозғалыс көп, сондықтан осы бағытты салуды жеделдету керек деп тапсырма берген болатын.