Ақтөбе кәсіпкерлері киік ұшасын қабылдауға дайын емес

Ақтөбедегі кәсіпкерлер киік ұшасын қабылдап, сатуға келісім жасағанымен, оған әлі дайын емес. Тіпті құжат рәсімдеу кезінде нақты талап жоқ екенін айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: видеодан кадр

БҚО-дан Ақтөбеге 800-ден астам киік ұшасы әкелініп, бір күннен соң бәрі кері қайтарылғаны белгілі.

Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Қуаныш Демегеновтің айтуынша, киік ұшасы 8-қараша күні КамАЗ жүк көлігімен жеткізілген. Келісім бойынша “Дала елі” ЖШС-і мен “Қасымов” ЖК қабылдап, өткізуі тиіс еді.

- Бұл жерде ет комбинаты мен жеке тұлға арасында келісім жасалған. Оның құжаттары дайын емес. Басқа ет комбинатына барып, бағасымен келісе алмай, кері қарай алып кетті. Шынын айтқанда қабылдауға келіскен ет комбинатының құрылысы бітпеген. Ветеринарлық талапқа дайын болмай шықты. Кейін "Айбек" өндірісті кооперативіне апарған. Кәсіпкер бір-бірімен келісе алмады,- деді Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Қуаныш Демегенов.

Ол киік ұшасы рәсуа болмады, жүк көлінің салқындатқышы бар деп айтты. Ал "бағасын келісе алмады" деген "Айбек" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басшысы құжаты дұрыс болмағанын айтты.

- Біз киікті қабылдамадық. Ешқандай құжаты дайын емес. Тері, ветеринария инспекциясы бізге құжат беруі керек. Тірі малға Форма-1 деген анықтама болады. Бұл жерде де сондай. Сою үшін қандай да бір негіз болуы керек. Атуға рұқсат берілгенімен, әлі нақты құжаты жоқ. Олар қандай құжат көрсету керек екенін де білмеймін. Бәрі заңды болуы үшін қандай құжат керек екенін нақтылау керек. Ұсыныс түсті. Бұл мал сою орны. Тек қызмет көрсетеміз. Соямыз, жуып, тазартып, құжатын береміз. Ал етін сатпаймыз. Алдағы уақытта жұмыс істеуге болады. Тіпті бұқтырылған ет те дайындауға мүмкіндік бар,- деді Айбек Қалдығұлов.

Айта кетейік, киік еті сатылады деген мал сою орнына полиция да барған. Облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шарасы.