Ақтөбе «жасыл» аймаққа өтті. Дегенмен қазіргі кезде 225 науқас ауруханада ем қабылдап жатыр. Оның 25-і жансақтау бөлімінде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, 4 насқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
«Қазіргі кезде бір бала, 9 жүкті келіншек стационарда жатыр. Олар дәрігерлер бақылауында. Инфекциялық төсек-орын жүктемесі азайды. Қазір 37% құрап отыр. Жансақтау бөліміндегі жүктеме де дәл сондай», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.
Айта кетейік, облыс тұрғындарының 70% вакцинаның екі компонентін салдырды. Ал 79 мыңнан астам адам ревакцинациядан өтті. Сонымен бірге 13 376 адам Pfizer вакцинасын қабылдады.
«Спутник лайт» вакцинасы тек аудандарда ғана бар. Қалада сұраныс болып, бітіп қалды. Әзірге бұл вакцинанының қанша доза келетіні белгісіз», - деді Бекболат Ізбасаров.