Ақтөбе облысының әкімдігінде ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында жиын өтті. Оған ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары, бизнес бірлестік, банк жүйелерінің, даму институттары мен өңдеуші кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Жиында ет кластерін дамыту, Қазақстандағы тұңғыш шаруаларға қызмет көрсету орталығын құру мәселелері талқыланды.
«Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы мал шаруашылығын дамытудың түбегейлі шараларын қабылдауды тапсырған болатын. Бұл жерде әңгіме етпен қатар сүт бағытын да дамыту жайында болып тұр. Өңірде белгілі бір жұмыстар жүргізіліп жатыр, бірақ әзірге елеулі нәтижелер жоқ. Мал басының жылына 3-4 пайызға өскені жеткіліксіз. Біздің басты мақсатымыз - мал өнімінің импорттынан бас тартып, экспорт көлемін арттыру», - деді Бердібек Сапарбаев.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың айтуынша, 16 ірі шаруа қожалығы мал басын арттырып, асылдандыруға шешім қабылдады. Биыл 11 мың ірі қара мал сатып алынады. Оның ішінде мыңдаған бұқа бағу жоспарда бар. Мал сатып алуды субсидиялауға республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлу жоспарлануда. Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ақтөбеде «Шаруаларға қызмет көрсету» пилоттық жобасы іске асырылады. Онда ауыл шаруашылығын өндірушілер «бір терезе» қағидасы бойынша қажет қызметтердің толық жиынтығын алады. Жоба аясында мал өткізетін бірыңғай электронды база енгізіледі. Мал мен ауыл шаруашылығы техникасын сататын аукцион ұйымдастырылады. Сол жерде шаруаларға мемлекеттік қолдау көрсететін қаржы институттарының өкілдіктері отырады.
Айта кетейік, Шаруаларға қызмет көрсету орталығы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында іске асырылады. Орталық малдың бағасын нарық сұранысына сай сатуға, ветеринарлық және азық түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Шаруаларға қызмет көрсету орталығын құру идеясын Ауыл шаруашылығы министрлігі қолдаған. Енді біз оны тезірек жүзеге асыруымыз керек. Ең соңғы мерзім - осы жылдың үшінші тоқсаны. Меніңше, мұның нақты нәтижесін шаруалар ғана емес, халық та сезінетін болады. Жобаны жүзеге асыру арқылы өзіндік құнды анықтап, өндіріс шығындарын азайту және қажетсіз делдалдарды жоюға, ауылшаруашылық өнімдерінің бағасын төмендетуге мүмкіндік беріледі», - деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.