Ақтөбе мектебіндегі оқиға: Дәрігерлер оқушының жағдайы туралы айтты

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік дәрігерлер мектеп ғимаратында төбенің аспалы жабындысының құлауынан зардап шеккен баланың денсаулығы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске салайық, 30 қараша күні Ақтөбе қаласындағы №40 мектепте төбенің аспалы жабындысы оқушылардың үстіне құлап, 10 бала зардап шеккен болатын. Дәрігерлердің бақылауына алынған 9 оқушының барлығы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Кейіннен бір баладан басқасының барлығы үйлеріне қайтарылды. Арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстары басталды.

Балалар ауруханасының дәрігерлері оқушыны бақылауға алып, компьютерлік томография жасауды жоспарлап отыр.

«14 жастағы оқушы 30 қазан күні ауруханаға жеткізілді. Оған «жабық бас-миының шайқалуы» диагнозы қойылды. Жағдайы - орташа ауыр. Тиісті емін алып жатыр», - деді балалар ауруханасының нейрохирург дәрігері Бағдат Жұмабаева.

Ал ауруханада жатқан оқушының анасы Марал Тусина болған оқиғаға қатысты шағым жазбайтынын айтты.

«Өзім үйде болғанмын. Қызым телефон шалып, ауруханаға алып бара жатқанын және ата-аналардың келуі қажеттігін айтты. Өзім де дәрігермін. Өзім қарап, тексерген кезде жарақатын көрмедім. Рентгенге түсірді, қабылдау жүргізді. Хирург ауруханаға жатқызуға шешім қабылдады. Қызым оқиғаны дәл айта алмайды. Қорыққан, бірақ басына еш нәрсе түспеген. Әлі де басы айналып, лоқсиды. Бұрын да жиі ауруханаға түсіп, тамызда өт жолын алдырған еді. Соның да әсері бар деп ойлаймыз. Еш шағым айтпаймын», - деді оқушының анасы Марал Тусина.

Оқушы қыз төбе жапсырмасы иығына құлағанын, басына зақым келмегенін айтып берді.

«Балалар төбе жапсырмасы құлаған кезде қорқып қалды. Бәрін ауруханаға әкелген кезде денсаулықтары жақсы деп айтты. Өзім жақсымын, еш ауырлық сезіп жүрген жоқпын», - деді оқушы.

Анықталғандай, Ақтөбедегі №40 орта мектепте мерекелік шара өтіп жатқан. Дәл сол кезде флешмоб билеуге дайын тұрған 10 баланың үстіне төбенің аспалы жабындысы құлаған.

«Мектепте мерекелік шара ұйымдастырылды. Сағат 12:40 шамасында мәжіліс залы жанындағы киінетін бөлмеде төбе жапсырмасы құлады. Флэшмоб билейтін бір топ бала сол жерде тұрған еді. Қабырғасы биік бөлме. Балалардың өрмелеп шығуы, таяқпен түрткілейтіндей жағдай болмады. Төбе жапсырмасы ілінген сым үзіліп кеткен», - деген болатын №40 орта мектеп директоры Бауыржан Сарин.

Зардап шеккендердің барлығы 6-сынып оқушылары.