Ақтөбе облысы әкімдігінде 2026–2027 оқу жылына дайындық жайы талқыланды. Облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның айтуынша, бүгінде 7 120 орынға арналған 15 мектеп, сондай-ақ IT-хаб пен арнайы балабақша салынып жатыр.
Оқу жылы басталғанға дейін жалпы сыйымдылығы 5 030 орын болатын 7 жаңа мектепті ашу және №8 орта мектеп пен Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының қосымша ғимаратын қолданысқа беру жоспарланған. Атап айтқанда Ақтөбе қаласы Алтын Орда шағын ауданында, Оңтүстік-Батыс-2 және Шилісай-1 тұрғын алаптарында мектеп ашылады. Сондай-ақ Мұғалжар ауданының Ащысай ауылында, Темір ауданының Кеңқияқ және Шұбарқұдық ауылдарында, Мәртөк ауданының Кеңсахара ауылында мектеп қолданысқа беріледі.
- Бүгінде облыс мектептерінде 396 педагог жетіспейді. Мұндай қажеттілік барлық ауданда және Ақтөбе қаласында бар. Биыл жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандықтарын 1 362 түлек, колледждерді 605 түлек бітірді. Олардың ішінде 31 түлек грант бойынша білім алған. Олар математика, физика, химия және бастауыш сынып мұғалімдері және облыс мектептеріне жұмысқа орналасады. Қалған түлектер үшін 10-14 тамыз аралығында бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылады,– деді Бұлбұл Күзембаева.
Қазір облыста 10 білім беру ұйымында күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Оған 3,2 млрд теңге бөлінген. 31 мектепке химия, физика, биология, STEM және робототехника пәндеріне арналған 60 заманауи кабинет жасақталады. Оған 556 млн теңгеге сатып бөлінді. Оқулықтар сатып алуға 1,2 млрд теңге қарастырылды.
- Былтыр 115 отбасы қаладан 61 ауылға қоныс аударып, баспанамен қамтылды, шаруашылық жүргізуге көмек алып, жұмысқа орналасуына қолдау көрсетілді. Нәтижесінде ауыл мектептеріндегі оқушылар саны 244 балаға артқан. Жаңа оқу жылында облыс мектептерінде 194 мыңнан астам оқушы білім алады. Бірінші сыныпқа 20 234 баланы қабылдау жоспарланып отыр. Бүгінде 17 413 бала құжат тапсырған. Құжаттарды қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады, - деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, Ақтөбеде үш ауысымды мектеп жанындағы жаңа ғимарат құрылысы 4 жылға созылды.