Ақтөбе қаласындағы Өнер музейінде «Жәдігер жерде қалмасын» акциясы кезінде тапсырылған жәрігерлен көрмеге қойылды. Жыл бойы үздіксіз жәдігер қабылдайтын музейде қазір 100 мыңнан астам экспонат бар. Оның 80 пайыздан астамы жинақталған, арнайы тапсырылған. Ата-бабадан мұраға қалған тұрмыстық заттар, киімдер, ұлттық бұйымдар мен аспаптар бар. Бүгін экспонаттар көпшілік назарына ұсынылды.
«Жәдігерлерді қабылдау жыл бойы жүреді. Бұл жолы «Возрождение» неміс қауымдастығының төрайымы Инга Смолинец өңірді мекендеген неміс ұлтының 1940-1960 жылдары тұрмыста пайдаланған заттарын тапсырды. Олардың ішінде май шайқайтын құрал, мандолина аспабы бар. Ал облыс тұрғыны Жанат Шонаева енесі киген түлкі ішікті берді. Ішік 20-ға жуық түлкі терісінен тігілген екен. Біз үшін бұл да құнды жәдігер. Социалистік еңбек ері Ғалым Бекішев киген шапанды ұрпақтары аманаттады. Рауль Мир-Хайдаровтың коллекциясындағы бірнеше сурет музейге берілді»,- деді музейдің ғылыми қызметкері Жаңылған Данабаева.
Музейге ұрпақтары тапсырған Темірбек Жүргеновтың портреті де берілді. Бір ерекшелігі, портрет күріштен жасалған. Сонымен қатар, Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданының тұрғыны, соғыс ардагері, қобызшы, домбырашы жырау Мәлік Әлмұратов қолданған қобызды қызы Сұлушаш Мақашова сыйға тапсырды.
«Геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Иван Дальянның құжаттары, күнделігі тапсырылды. Ол Ақтөбе облысындағы мұнай және су қорын алғаш тапқан адамның бірі. Өзі бірнеше кен орынның ашылуына да қатысып, арнайы күнделік жүргізіп отырған»,- деді Жаңылған Данабаева.