Ақтөбе облысы әкімдігі: Әлеуметтік нысандардың құрылысы – бақылауда

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Облыс әкімі Асхат Шахаров Ақтөбеде салынып жатқан өрт сөндіру депосы, «Жайлы мектеп» және №49 мектепке жапсарлас салынған ғимараттың құрылыс барысын қарап шықты, деп хабарлайды өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметі. 

Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Ақтөбе қаласының Есет батыр тұрғын алабында ІІ типтегі өрт сөндіру депосы жаңадан бой көтеруде.

Өңір басшысы жаңа корпустың нормативтік актіге сәйкестігін тексеріп шықты.

Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Аумағы 1,5 га жерді алып жатқан өрт сөндіру бөлімі шаһардың шеткі бөлігін қорғауға ыңғайлы. Сондықтан жобалау-сметалық құжаттаманы дайындау кезінде осы ерекшелікке басты назар аударылған.

Ғимаратта әкімшілік корпус, 4 автомобильге арналған депо, диспетчер кабинеті, демалыс бөлмесі, қарауыл кабинеті, асхана, санитарлық тораптар, қабылдау бөлмесі, акт залы, қоймалар, газ-түтіннен қорғау қызметіне арналған арнайы жаттығу бөлмесі қарастырылған.

Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Құрылысы 2019 жылы басталған нысан биылғы жылы пайдалануға берілуі жоспарланған. Мердігер компания - «Бабэк Құрылыс».

Аталған компания Ақжар-2 тұрғын алабында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мектеп салып жатыр. Құрылыс кестесіне сәйкес, нысан жыл аяғында халық игілігіне берілуі тиіс.

Фото:Ақтөбе облысы әкімдігі

Аймақ басшысы жұмыс қарқынын арттыруды, соның ішінде мектеп айналасын абаттандыру ісін жеделдетуді тапсырды.

Ақжар-2-де орналасқан №49 орта мектепке 250 орындық жапсарлас ғимарат салынды. Бүгінде құрылыс жобасында қаралған волейбол, баскетбол алаңы әлі толық аяқталмаған. Облыс әкімі мердігер компания өкіліне жұмыстарды сапалы тапсыруды міндеттеді.