Ақтөбе облысы Ойыл ауданының әкімі тағайындалды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ойыл ауданы әкімі қызметін енді Сәкен Займолдин атқарады. Ол бұған дейін аудандық мәслихаттың төрағасы болды.

Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

ҚР Президенті әкімшілігінің және Ойыл аудандық мәслихаты депутаттарының келісімімен Ойыл ауданының әкімі қызметіне Сәкен Займолдин тағайындалды.

Ол осы ауылдың тумасы. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін «дене тәрбиесі және биология», Мәскеу технологиялық институтын «менеджмент» мамандықтары бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 1997 жылы Ойыл кәсіптік-техникалық лицейінде бастаған. Ойыл аграрлық колледжінде жұмыс істеді. Қараой ауылдық округінің әкімі, 2020-2021 жылдары «Nur Otan» партиясының Ойыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болды. 2021 жылдан осы уақытқа дейін Ойыл аудандық мәслихатының хатшысы, төрағасы қызметін атқарып келді.

— 2026 жылғы қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша ауданда негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің басым бөлігінде өсім байқалады. Атап айтқанда, инвестиция көлемінің индексі 107%, ауыл шаруашылығы — 102%, құрылыс жұмыстары — 163,1%, тұрғын үйді пайдалануға беру — 102,8%, өнеркәсіп өндірісі 110% құрады. Ауданның облыс орталығынан шалғай орналасуына байланысты азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өндірістерді дамытуға басымдық беру қажет. Атап айтқанда, құс, өсімдік шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағыттарын кеңейту көзделіп отыр. Қазіргі таңда ауданда бір ғана жылыжай жұмыс істейді. Облыс әкімі Ойылдың туристік әлеуетін арттыру қажеттігін де атап өтті. Ауданның табиғи ерекшеліктері мен тарихи-мәдени мұрасы экологиялық және мәдени-тарихи туризмді дамытуға мүмкіндік береді, — деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, бұған дейін Алматының Жетісу ауданына жаңа әкім тағайындалған еді.