Ақтөбе облысында 467 км электр желісі жаңартылып, ЖЭО-да 3 қазандық жөнделеді

 АСТАНА.KAZINFORM – Бұл туралы Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров Ақтөбе облысының тұрғындарымен кездесуі барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: Энергетика министрлігі

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Ақтөбе облысында энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2026 жылы 3,7 мың тұрғыны бар 8 ауылды газдандыру жоспарланған. Жыл соңына дейін 211 елді мекен немесе 904,5 мың адамды газбен қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Сондай-ақ негізгі энергия нысандарында жұмыстар қарастырылған: Ақтөбе ЖЭО-да 3 қазандық пен 4 турбоагрегат жаңартылады, ал «Қазхром» электр станциясында бу турбинасына күрделі жөндеу жүргізіледі. Оған қоса, 467 км электр желісін жаңарту жоспарланған.

Бұдан бөлек, өңірде жаңартылатын энергия көздері дамып келеді: жалпы қуаты 346 МВт болатын 7 ЖЭК нысаны жұмыс істейді, ал 2028 жылға дейін қуаты 300 МВт болатын тағы 3 жобаны іске қосу жоспарланған.

Кездесу барысында тұрғындар инфрақұрылымды жаңарту, электр желілеріне қосылу, мұнай кен орындарын игеру және жаңартылатын энергия көздерін дамыту мәселелерін көтерді. Ерлан Ақбаров барлық сұрақтарға жауап беріп, көтерілген мәселелер Энергетика министрлігі басшылығының бақылауында болатынын атап өтті.

Осыған дейін энергетикадағы цифрлық трансформация туралы жаздық.