Ақтөбе облысында мұнайды заңсыз өндірген компания басшысының орынбасары сотталды

АСТАНА. KAZINFORM — Ақтөбе облысында шикі мұнай өндіруді заңсыз жүзеге асырған «Сайгак Казахстан Б.В.» компаниясы филиалының Бас директорының орынбасары сотталды. Бұл туралы Қаржылық мониторнинг агенттігінің баспасөз қызметі мәлім етті. 

Фото: pexels.com

«Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі 2022 жылғы ақпаннан 2023 жылғы мамырға дейінгі кезеңде аталған компанияның филиалы „Сайгак“ кен орнындағы келісім-шарт шеңберінде шикі мұнай өндіруді жүзеге асырғанын, бұл ретте келісім-шарттың қолданылу мерзімі аяқталғанын анықтады», — делінген хабарламада.

Мәлім болғандай, осы жағдайларға қарамастан, олар жыл бойы кен орнында мұнайды заңсыз өндіру мен сақтауды жалғастырған. 

Жалпы көлемі 3,5 мың тонна болатын 2 резервуарда құны 139 млн теңгеге өңделген мұнай мемлекет кірісіне тәркіленген.  

Кен орнын басқарған компания филиалы Бас директорының орынбасары 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Келтірілген шығын толық көлемде өтелді.