Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Қызылжар ауылдық округіне қарасты Құрылыс және Шеңбертал ауылдарында маусым айынан бастап ірі қара өлімі тіркеліп жатыр. Ветеринар мамандар қажетті эпизоотияға қарсы және диагностикалық іс-шараларды жүргізді. Жергілікті деңгейде ештеңе де анықталмады.
— Оқиға орнында эпизоотологиялық тексеру ұйымдастырылды, ауру малдарға ветеринариялық көмек көрсетіліп жатыр. Аурудың және мал өлімінің себептерін анықтау мақсатында патологиялық материалдың сынамасы алынып, түпкілікті диагноз қою үшін облыстық ветеринариялық зертханаға жіберілді. Сонымен қатар 9 шілде күні патологиялық материал Астанадағы ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталыққа жолданды. Қазіргі уақытта түпкілікті диагноз қойылған жоқ. Зертханалық зерттеулердің нәтижесін күтеміз. Зерттеу қорытындылары алынғаннан кейін қосымша ақпарат беріледі, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасы.
Алғашқы зерттеуде қандай да жұқпалы ауру тіркелмеген. Болжам бойынша ірі қара өліміне кене себеп болуы мүмкін. Себебі қазір далада кене көп және ірі қараны шыққан.
Ал әлеуметтік желідегі видеодан мал ісініп, өлген соң адамдардың оны өртеген сәтін көруге болады.
Бұған дейін Батыс Қазақстан облысындағы ауылда электр сымының үзілуі салдарынан мал өлімі тіркелгенін хабарлаған едік.