Ақтөбе облысында жол қозғалысына шектеу енгізілді
21:44, 04 Наурыз 2026
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – ҚазАвтоЖол ауа райына байланысты бір өңірде көлік қозғалысына шектеу қойылғанын хабарлады.
– 4 наурыз сағат 21:30-да ауа райының бұзылуына байланысты республикалық маңызы бар «Қостанай – Рудный – Денисовка – Комсомольское – Қарабұтақ» автожолының 5-234 шақырым аралығында (Қарабұтақ елді мекені – Қостанай облысының шекарасы) жүк және қоғамдық көліктер үшін қозғалысқа уақытша шектеу енгізіледі, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, жолды 5 наурыз сағат 08:00-де ашу жоспарланып отыр.
Еске салсақ, осыған дейін ауа райына байланысты үш өңірде көлік қозғалысы шектелгенін хабарлағанбыз.