Ақтөбе облысында жүргізуші ұйықтап жатқанда ұры жүк көлігінен тауарды ұрлап кетті

Ақтөбе облысында жүргізуші кабинада ұйықтап жатқанда ұры жүк көлігінен тауарды ұрлап кетті, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: @POLICE_of_KZ

ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 қараша түнде белгісіз адамдар есіктің құлпын бұзу арқылы VOLVO жүк көлігінің тіркемесіне кіріп, әрқайсысы 16 келі болатын 23 қораптағы құс етін жасырын ұрлап кеткен.

Автокөлік Байғанин ауданы Ноғайты аулынан 1 км қашықтықта Астрахань-Ақтөбе автожолының жиегінде тұрған. Жүргізуші таңертең оянған кезде ғана тауардың жоғалғанын білген. 

Фото: @POLICE_of_KZ

Полиция қызметкерлері осы ұрлықты ашу бойынша іс-шаралар жүргізу барысында Батыс Қазақстан облысының 42 жастағы тұрғыны басқарған VOLSWAGEN SHARAN автокөлігін тоқтатты. Көліктің салонында полицейлер ұрланған құс етінің қораптарын тәркіледі.

ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.