Ақтөбе облысындағы 12 адам мерт болған жол ішінара 4 жолақты болады

Фото: Дияр Бексұлтанов

АСТАНА. KAZINFORM — Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Jibek Joly арнасындағы «Уәде» бағдарламасында 12 адамның ажалына себепкер болған көлік апаты туралы пікір білдірді. 

— Бұл қайғылы оқиға бізге ауыр тиді. Бұл өзі республикалық маңызы бар жол, тәулігіне 15-16 мың көлік жүреді. Кептеліс қай кезде де байқалады. Әсіресе қыста көп. Бірақ жолды күтіп ұстау мәселесі басты назарда. Жол екі жолақты ғана болғандықтан қауіпсіздік мәселесі қиындау болып отыр. Енді жолдың сапасына мән береміз. «ҚазАвтоЖол» мекемесі осыған жауапты болғандықтан тиісті қаржы бөліп, өз жұмысын атқарып келеді. Полиция департаменті де жұмысты күшейтеді. Бұрын жолдағы қауіпсіздікке 8 патруль жұмылдырылған болса, қазір 20 патрульге дейін көбейттік. Әрі қарай жолдардың қауіпсіздігін бейнебақылау арқылы, патрульдеу арқылы қамтамасыз етеміз, — деді әкім.

Аймақ басшысы бұл жолда көлік апаты жиі болатынын мойындады.

— Мұның алдында да көлік апаты аз болған жоқ. Сондықтан осы жолдың бойындағы 7 учаскені 4 жолақты ету жұмыстарын бастап кеттік. Бұған «ҚазАвтоЖол» жауапты. Жақын арада соның 28 шақырымы 4 жолақты учаске болып ашылды. Кептеліс ең көп болатын тұсы — Жазық елді мекені арқылы өтетін теміржолмен қиылысқан жері. Сол тұстан өткел салынды. Енді кептеліс азаюы керек. Қалған 6 учаскеде де осындай жұмыс жүргізіледі. Қазір «ҚазАвтоЖол» қаржыландыру мәселесін шешіп жатыр. EPC келісімшарт (жобалау, смета дайындау, қажетті материал мен жабдықтар сатып алу, жол салу, монтаждау жұмыстарын түгел бір мердігерге жүктейтін келісім — ред.) арқылы шетелдік компаниялар 3 жылда бітіруге уағдаласып отыр, — деді Асхат Шахаров.

Еске салсақ, 23 қазан күні Ақтөбе облысындағы Әйтеке би ауданы Белқопа ауылының маңында жүк көлігі мен жолаушылар тасымалдайтын ГАЗель соқтығысып, 12 адам қаза болған еді