Атап айтқанда, Ақтөбе су қоймасында 58% немесе 141 млн текше метр, Қарғалы су қоймасында 68% немесе 192 млн текше метр, ал Сазды су қоймасында 61%, яғни 4,5 млн текше метрден астам бос сыйымдылық бар.
Бұған дейін осы үш нысанда да көпфакторлы кешенді тексерулер жүргізілген болатын. Олардың қорытындысы бойынша қауіпсіздік декларациялары әзірленді. Сонымен қатар пайдалануға берілген сәттен бері алғаш рет Ақтөбе және Сазды су қоймаларында кешенді реконструкциялау жұмыстары жүргізілді.
Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында барлық үш су қоймасында Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің орталық басқару пультімен біріктірілген жергілікті хабарлау жүйелері жұмыс істейді. Бұған қоса, осы жүйелердің бағдарламалық қамтамасыз етуі жаңартылып, қосымша радиостанциялар сатып алынды.
— Филиалымыз тасқын қаупінің алдын алуға және оның салдарын азайтуға бағытталған кешенді алдын алу шараларын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Стратегиялық маңызы бар нысандарда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, режимдік және күзет шаралары қамтамасыз етілген. Барлық су шаруашылығы нысанында инертті материалдар дайындалған, сондай-ақ жанар-жағармай қоры бар резервтік дизель генераторлар қарастырылған. Қазіргі уақытта барлық су қоймасы штаттық режимде жұмыс істеп тұр, су шаруашылығы жағдайы тұрақты бақылауда, – деді «Қазсушардың» Ақтөбе облысындағы филиал директоры Ринат Шауенов.
Еске сала кетейік, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысындағы ірі су қоймалары су тасқынына дайын екенін жаздық.