Тасқыннан зардап шеккен тұрғындар мен кәсіпкерлердің материалдық залалдарын есептеу үшін Ақтөбе облысының әр ауданында жеке комиссиялар құрылды. 7 сәуірдегі жағдай бойынша 2018 өтініш түсіп, комиссия мүшелері залалды бағалау үшін Ақтөбе қаласы мен Әйтеке би, Қобда, Мұғалжар, Темір аудандарында 1 482 үйді аралаған.
Ойыл ауданында су деңгейінің төмендемеуі себебінен мүлікті бағалау жұмыстарын жүргізу мүмкін болмай отыр. Келтірілген залалдың төлемдері тәуелсіз бағалау компаниясының қорытындылары бойынша жүргізіледі.
Тіркелмеген мүлікті, көбінесе бау-бақша шаруашылығын бағалау үшін бөлек механизм әзірленеді.
Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккендерге арналған гуманитарлық көмек жинау орталығы жұмыс істейді. Барлығы 10 күн ішінде шамамен 300 тонна (210 тонна азық-түлік, 80 тонна азық-түлікке жатпайтын тауарлар, 0,2 тонна дәрі-дәрмек) жиналды. Оның ішінде 215 тонна тауарлар мұқтаж тұрғындарға таратылды. Гуманитарлық көмекті зардап шеккен аудандарға жеткізуге 8 524 ерікті көмектесуде.
Қазіргі уақытта Ақтөбе облысының су тасқынына қарсы іс-шаралар жөніндегі жедел штаб жұмысын вице-премьер Серік Жұманғарин үйлестіріп жатыр.