Ақтөбеде тойда уланған 100 адам: қылмыстық іс қозғалды

АСТАНА.KAZINFORM — Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласындағы «Тұмар» мейрамханасына тойға барған азаматтар арасында ішек инфекциясы тіркелген болатын.

Фото: ІІМ

Бүгін жаппай астан улану фактісіне қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 304-бабы («Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу») белгілерімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғаны хабарланды.

— Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.  Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті процестік шешім қабылданатын болады, — делінген облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Еске сала кетейік, Мұғалжар аудандық ауруханасы мен облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына ішек инфекциясының белгілерімен 102 науқас медициналық көмекке жүгініп, ауруханаға жатқызылған болатын.

Оның ішінде 34 науқаста сальмонеллездің ықтимал жағдайы тіркелді. Аталған жағдайлар бойынша Ақтөбе облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне шұғыл хабарламалар жолданып, бактериологиялық зерттеу жүргізу үшін сынамалар алынғаны хабарланды.