Ақтөбе облысының үш жылдық бюджеті бекітілді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облысының 2025-2027 жылдарға арналған бюджеті — 1,5 трлн теңге. Оның 439,3 млрд теңгесі 2025 жылдың бюджеті.
Ақтөбе облысында алдағы үш жылда бюджеттің 68%-ы әлеуметтік салаға бағытталады. Ал құрылыс, энергетика, жол салу мен ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлікті дамытуға 91 млрд теңге жұмсалады. Бұл шығыстың 21%-ына тең. Үш жылдық бюджет жобасы облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында қаралды.
— Қорғаныс және құқық қорғау органдарына 23 млрд, жергілікті атқарушы орган резервіне 1,6 млрд теңге қарастырылды. Ал мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларына 142 млн теңге жоспарланған. Төтенше жағдайлар қызметіне тиесілі нысандар жаңарады. Байғанин және Мәртөк аудандары орталығына өрт сөндіру депосы салынады. Құрылысқа 1,8 млрд теңге бөлінеді. Білім саласында орын тапшылығын жою үшін 5 мектеп құрылысы және дамуында тежеуі бар балаларға арналған мектепке қосымша ғимарат салу үшін 6,4 млрд теңге қарастырылды, — деді Ақтөбе облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов.
Президент тапсырмасымен Ақтөбеде жаңа драма театр салынады. Облыстың мәслихатта қазақ музыкалық драма театры құрылысының құжаттарына 123 млн теңге бөлінді.
— Автомобиль жолдары басқармасына 34 млрд теңге жоспарланды. Облыстық маңызы бар жолдарды қайта жаңарту, орташа жөндеу үшін 4 жобаға 3 млрд теңге қарастырылды. Бұдан басқа аудандық маңызы бар жолдарды, көпірді салу және қайта жаңарту, күрделі, орташа жөндеу бойынша 16 жоба іске асырылады. Оған 8,5 млрд теңге жұмсалады. Ақтөбе қаласы мен аудандар бойынша көлік инфрақұрылымын дамыту үшін 50 жобаға 20 млрд теңге жоспарланды. 2025 жылы 5 елді мекенді сумен қамту үшін 3,1 млрд теңге бөлінеді. 16 елді мекенді газбен жабдықтау жұмыстарын аяқтауға, 16 елді мекен үшін қажетті құжаттар әзірлеуге 1,9 млрд теңге қарастырылды, — деді Нұржан Мақсатов.
Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе қаласының 2025-2027 жылдарға арналған бюджеті «Ашық НҚА» порталына шығып, талқыланды.