Ақтөбе қаласының үш жылдық бюджеті жария талқылауға шықты

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласының 2025-2027 жылдарға арналған бюджетінің кірісі шамамен 311,7 млрд теңгені құрайды. Кіріс жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, корпоративтік табыс салығынан тұрады.

аймақтар
Коллаж: Kazinform

Ақтөбе қаласында 2024 жылдың 9 айында макроэкономикалық тұрақтылық сақталған. Осы уақыт аралығында 780,4 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Бұл көбіне Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, Ақтөбе хром қосындылары зауыты мен Ақтөбе рельс-арқалық зауыты секілді ірі өндіріс орындарының жұмысына тікелей байланысты. Болжам бойынша 2025-2029 жылдары ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 105% құрайды. Алдағы үш жылда бюджет кірісі 311 млрд 752 млн 436 мың теңге болады. 2025 жылы қаланың өз бюджеті 94 млрд 123,2 млн теңге болуы мүмкін. «Ақтөбе қаласының бюджетін бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы жобада бюджет кірісінің 27,6% корпоративтік табыс салығынан, 27,5% жеке табыс салығынан деп көрсетілген. Сонымен бірге әлеуметтік салық, мүлік салығы және акциздер бар. Ал 2025-2027 жылдар аралығында Ақтөбе қаласының шығысы 311 млрд 752 млн 436 мың теңге теңге болады. Биылғы шығыс 190,5 млрд теңгені құрады. Оның 52,5 млрд теңгесі облыстық бюджеттен бөлінген қаржы болса, 5 млрд теңге республикалық бюджет, 12 млрд теңге Ұлттық Қор қаржысы. 2024 жылы қаланы абаттандыру, оның ішінде жарықтандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарына 10,5 млрд теңге, жолдарды орташа және күрделі жөндеуге 1,8 млрд теңге жұмсалды. Бұл жұмыс алдағы үш жылда жалғасады. 

Атаулы әлеуметтік көмек жәрдемақысына 2025-2027 жылдары 1,3 млрд теңге қарастырылды. Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды бейімдеу орталығына бөлінетін қаржы жыл сайын өседі. 2025 жылға 214 млн, 2026 жылға 232 млн, 2027 жылға 237 млн теңге қарастырылады. Сонымен бірге қарттар мен мүгедектер қоныстанған орталыққа 2025 жылы 465 млн, 2026 жылы 465 млн, 2027 жылы 472 млн теңге бөлінеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құнбандары қоныстанатын орталыққа үш жыл ішінде 527 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, жұмсалады. 

Ақтөбе қаласы жергілікті атқарушы органның резерві 2025-2027 жылдары 5,4 млрд теңге болады. Бұл туралы толық ақпарат «Ашық НҚА» порталында бар. 

Еске салсақ, бұған дейін 2025 жылы жөнделетін жолдар туралы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар