Келер жылы Ақтөбеде қай жолдар жөнделеді?
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысында келер жылы 40-қа жуық жоба жүзеге асырылады. Қазіргі кезде жобаларды қаржыландыру үшін бюджеттік өтінім берілді.

Ақтөбе облысында 2025 жылға арналған жобалар жоспары дайындалып жатыр. Олардың арасында биыл басталып, келер жылы жалғасатын ауыспалы жол құрылысы бар. Kazinform тілшісі өңірдегі жол жөндеу жұмыстары туралы сұрап білді. Мәселен биыл Ақтөбе қаласында Ғазиза Жұбанова көшесі жаңғыртылды. Ұзындығы 2,8 шақырымды құрайтын жолдың құны 4 млрд теңгеден асады. Келер жылы «Прогресс КЗ» ЖШС-і жол салуды толық аяқтауы тиіс. Биыл желтоқсанда бірінші қабатын төсеп, уақытша қолданысқа берді. Сонымен бірге Ақтөбе қаласында Оңтүстік-Батыс-1, Оңтүстік-Батыс-2, Қызылжар-3, Кірпішті, өнеркәсіп аймағына шығатын Шестихатка ауданында автомобиль жолын салу, күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі. Ақтөбе қаласының Бауырластар-4, Жаңақоныс-3, Жаңақоныс-4, Ясный-2 тұрғын алаптарында және К.Нокин көшесінде жол салынып, жөнделеді. Төменгі Қарғалыда мектепке апарар жол салынады. Биыл кешірек жол құрылысын жүргізген «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС-і 15 көшедегі жолды келер жылы толық салып бітіруі тиіс.
Сонымен бірге Ақтөбе қаласы Кірпішті елді мекеніндегі Елек өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңарту жұмысы жалғасады. Көпірдің ені 12, ал ұзындығы 300 метрден асады. Жаңа көпір қолданысқа берілген соң ескісі жабылып, жөнделеді.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша келер жылы аудандарда келесі жолдар жөнделеді.
Олар:
- «Шалқар-Бозой-ӨР шекарасы (Нөкіс)» облыстық маңызы бар автомобиль жолының 188-203 км аралығы;
- Әйтеке би ауданындағы «Светлый-Құмкұдық-Жабасақ-Байжанкөл» аудандық маңызы бар жолының 0-10 км учаскесі;
- Алға ауданының аудандық маңызы бар «Алға-Тоқмансай» автомобиль жолынның 25-38 км, 38-51 км аралығын орташа жөндеу, «Алға-Қарабұлақ» бағытындағы көпірді қайта жаңарту;
- Байғанин ауданының «Кемерші ауылына кіреберіс» аудандық маңызы бар автожолының 0-14 км учаскесін, «Қарауылкелді-Алтай батыр-Миялы-Оймауыт» аудандық маңызы бар автожолының 157-171,3 км учаскесін орташа жөндеу, Қарауылкелді ауылындағы Барақ батыр көшесінің автомобиль жолын қайта жаңарту, Күлтабан ауылдық округі Жарлы ауылындағы Ален Мақыбаев көшесі автомобиль жолының құрылысы;
- Ырғыз ауданындағы «Құтикөл-Жарма-Құйылыс-Жайсанбай» аудандық маңызы бар автожолының 0-15, 15-23 км учаскесін орташа жөндеу, Ырғыз ауылындағы кентішілік автожолдарын салу (Шонанов, Абай, Әйтеке би, Арал, Шахин, Астана көшелері);
- Мәртөк ауданының «Мәртөк-Дмитриевка-Байторысай-Полтавка» аудандық маңызы бар жолының 15-30 шақырымы аралығын, Мәртөк ауданының Байтұрсынов және Сейфуллин көшелеріндегі кентішілік жолдарды орташа жөндеу;
- Мұғалжар ауданының «Қаракөл-Ащысай» аудандық маңызы бар жолының 0-15, 15-30 км учаскесі аралығын орташа жөндеу;
- Хромтау ауданының Аққұдық ауылына кіреберіс аудандық маңызы бар жолын, «Дөң – Сарысай» аудандық маңызы бар автомобиль жолының 0-6,46 км аралығын орташа жөндеу, Хромтау қаласындағы қалаішілік автомобиль жолдарының 11 көшесін орташа жөндеу.
Еске салсақ, биыл Ақтөбе облысының жолдарын жөндеуге барлық деңгейдегі бюджеттен 69,5 млрд теңге бөлінді. Бұл — 186 жобаға бағытталған қаржы. Нәтижесінде 557,9 шақырымға асфальт төсеу жоспарланған.