Күлкі болған канадалық тәсіл: Неге шетел тәжірибесі Ақтөбенің жолдарына жарамады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Биыл Ақтөбе облысының жолдарын жөндеуге барлық деңгейдегі бюджеттен 69,5 млрд теңге бөлінді. Бұл — 186 жобаға бағытталған қаржы. Нәтижесінде 557,9 шақырымға асфальт төсеу жоспарланған. Бұл жұмыс қалай атқарылып жатыр? Күн суытқанға дейін құрылысты аяқтауға мүмкіндік бар ма? Жол сапасы қалай? Kazinform тілшісі осы сұрақтарды жауапты мамандарға қойды.
Елімізде жол жөндеуге бөлек, оны күтіп ұстауға, ой-шұңқырын бітеуге бөлек қаржы бөлінеді. Ақтөбе облысы бойынша былтыр жол жөндеу жұмыстарына 60 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, игерілген, ал биыл 70 млрд теңгеге жуықтайды.
— Республикалық, облыстық, қалалық, аудандық бюджет есебінен бізде 69,5 млрд теңге бөлінді. Оған 186 жобасы іске асырылып жатыр. Нәтижесінде 557,9 км жолға қатты жабындысы бар асфальт төсеу жоспарланды. Облыстық жолдарда Шалқар — Бозой, Ақтөбе-Родниковка-Мәртөк, Дөң-Бадамша бағыты, қалада Телефонная, Станционная көшелері мен Бауырластар, Жаңақоныс, төменгі Қурайлы тұрғын алаптарына жол салынып жатыр. Ақжар, Кірпішті тұрғын алаптарындағы көпір де қарастырылған. Аудандарда аудандық маңызы бар және ауыл ішілік жолдар жөнделіп жатыр. Ырғызда орталық көше, Әйтеке биде Әйке, Жүргенов, Қарғалыда Ащылысай, Әлімбет, Алғада Үшқұдық-Алға-Тоқмансай бағытының екі учаскесінде жөндеу басталды. Барлығы үлкен жобаға жатады, — деді Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Есет Аманбаев.
Жол құрылысының кейбірі тоқтап тұр
Ақтөбеде бірнеше бағытта жол құрылысы тоқтап тұр. Көбіне мердігерлер өзіне алған міндетті орындамайды, түрлі сылтау айтып, созып жүріп алады.
— Шалқар-Бозой бағытындағы құрылыс былтыр басталды. 95-115 және 188-205 учаскелері болып екіге бөлінді. 95-115 шақырымы аралығын «Толағай» ЖШС, ал 188-205 аралығын «TAUAN Construction» ЖШС жөндейді. Қазір 95-115 шақырымы аралығындағы құрылыста проблема бар. Құрылыс кестеге сәйкес емес. Мердігерге айыппұл саламыз. Құрылыстың кестеге сай салынып жатпағанын, айып төлеуі тиіс екенін дәлелдеп, сотқа жібердік, — деді Есет Аманбаев.
Келісімшарт талабы бойынша ай сайын атқарылған жұмысқа акт тапсырады, тапсырыс беруші жұмыс пен міндетті салыстырамыз. Сол кезде кестеге сай орындалмаса, айыппұл төлеуге, жұмысты жалғастыруға міндеттейді.
Айыппұл жұмыс көлеміне байланысты әртүрлі есептеледі. Егер төлей алмаса, келесі айда тағы айыппұл салынады. Үшінші рет қайталаса, келісімшарт бұзылады.
— Ырғыз-Құтикөл-Жарма жолы 2021 жылы басталды. 0-15, 15-30, 30-45 болып үш учаскеге бөлінген. Алғашқы екі учаскесіне жауапты «Абай Б» ЖШС ешқандай жұмыс істемей, сот арқылы келісімшарт бұзылды. Қазір жобаға қайта түзету енгізіліп жатыр. Ал 30-45 шақырымы аралығында «Ассана Дорстрой» компаниясы жұмысын кестеге сәйкес жүргізіп жатыр. Ақтөбе қаласындағы Оңтүстік айналма жол — проблемалық нысан. Алдымен «КТП» ЖШС құрылысты бастады. Жұмыс аяқталмай, келісімшарт бұзылды. Жобаға түзетулер енгізіліп, «Казкомсервис» ЖШС-і жол белгілерін, бағдаршам, аялдама павильонын, жаяу жүргіншілер жолын салу жұмысын жүргізіп жатыр, — деді Есет Аманбаев.
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Ақтөбе облыстық филиалының директоры Тельман Малаев болса, бұзылған ғана емес, өңірде шашылып, торыпағы ғана қалған жолдар да бар.
— Биыл 180 учаскеге сараптама жасап жатырмыз. Соның ішінде қайта жаңғыртудағы 51 жобада 274 шақырым бар. 80 шақырымдағы күрделі жөндеу, 574 шақырымдық орташа жөндеуді де қарап, тексереміз. Мұнда 432 рет барып, 619 сынама алды. Қиыршық тас, малта тас қоспасы, топырақ, асфальт жабындысы қоспасы зерттеліп, 164 сынама стандартқа сәйкес келмеді. Барлығы 130 ақау тіркелді. Қазір үшеуі ғана қателікті түзеді, өзгесі әлі сол күйі тұр. Көбі аудандық жолдарда анықталып отыр. Онда асфальт жабындысының қалыңдығы сай келмейді, тегістігі сақталмаған. Жол тақтайдай тегіс емес, су ағатындай дөңес болуы тиіс, — деді Тельман Малаев.
Мәселен, 2022 жылы Бадамша-Степное жолының 13 шақырымы жөнделеді. 2023 жылы орталық соған жалғап салған 2 шақырымды тексеріп, асфальт жабылғысының негізі болатын қиыршық тастың төселмегенін анықтады. Құмның үстіне жол салынғаны белгілі болды.
— Ол жолға барар болсаңыз, таба алмайсыз. Ол жол жоқ, шашылып қалған. Тапсырыс беруші — Қарғалы аудандық ТҮКШ бөлімі. Кепіл уақыты бар кезде жолды салдырып алу керек. Ал әкімдік мамандары ештеңе істемей отыр. Құжаттарды Антикорға, қоғамдық кеңеске тапсырдым, — деді Тельман Малаев.
Облыстық маңызы бар Бадамша-Дөң жолын 2022 жылы Ұлттық сапа орталығы тексереді. Қалыңдығы 8 см болуы тиіс жол 6 см етіп салынып, талап бұзылды. Сонымен бірге тығыздығы сақталмаған. Нәтижесінде 5 шақырым қырылып, қайта салынды.
Тағы бір мысал, Бадамша-Орск трассасындағы екі учаскеде қиыршық тас пен жабынды арасындағы құйма жоқ.
Жол жиектері, су өткізу құбырларында талаптар сақталмай, ескерту берілді. Темір ауданының Тасқопа ауылында да жол салынған, бірақ шашылып қалды.
Күлкі болған канадалық тәсіл
Ақтөбенің Ойыл ауданы осыдан 3 жыл бұрын канадалық тәсілді қолданысқа енгізді. Бұл — Ойыл-Қараой аралығындағы 30 шақырымдық жол. Ауыл тұрғындары жол құрылысын ұзақ күтіп, құрылыс жүргенде қуанды.
Бірақ қуанышы көпке бармай, көліктері саз балшыққа батып қалды. Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Есет Аманбаев нақты жағдайды білмесе де естігенін айтты.
— Ол бойынша ақпарат бере алмаймын. Өйткені мен ол жылдары жұмыста болмадым. Естуім бойынша, жаңа технология қолданған, құрамында бір жұмыстар қаралмаған. Толық айта алмаймын. Бұл жол бойынша Ойыл ауданының әкімдігі ғана айта алады. Әрбір мемлекеттің өзінің климаттық жағдайы ескерілуі керек еді. Канада мен біздің ауа райымыз бөлек. Алматы мен Ақтөбенің аязы да екі түрлі ғой, — деді Есет Аманбаев.
Канадалық тәсілді Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының бұрынғы басшысы Мәлімбет Ибрашев қолдап, әкелді.
— Канададан адамдарды әкеліп, біздің зертханада сынақ өткізді. Біз ол сынаққа қорытынды бере алмаймыз. Топырақ әкелді, оған стабилизатор қосып, қарады. Канадалықтың жанында аудармашысы да болды. Шын мәнінде сол қоспа суға салғанда еріп кетпей, қатып қалуы тиіс еді. Сынақтың кезінде-ақ ол сынама еріп кетті. «Шамалы бірдеңесі дұрыс болмай қалды» деп Ойыл ауданына салды. Нәтижесі жоқ. Қазір де «менде мынадай препарат бар, топыраққа қоссақ, тас болып жатады» деп айтады. Біз тасты орнықтыра алмай жатырмыз. Олар сұйықтық құйып, тастай жол жасағысы келіп, нанотехнология деп ұсынады. Мен қаржы бөлмеймін, керісінше «жол салып, көрсетіп, тиімділігін дәлелде» деп айтамыз. Ол кезде жобасын ұсынып жүрген адамдар кетіп қалады, — деді Тельман Малаев.
Оның айтуынша, канадалық тәсілмен салынған жолда қазір саз ғана қалған.
Үкімет басшысы сынаған жол құрылысының 95% талапқа сай емес
Жұрын-Қаракөл бағытындағы жол сапасын Үкімет басшысы Олжас Бектенов сынап, кейін кінә қайдан кеткенін іздеді. Тапсырыс беруші мердігерді сотқа бергенімен, жеңіліп қалды.
Енді талап бойынша бұзылған жолдар қырылып, қайта салынуы тиіс. Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тапсырыс беруші жауапкершілікті сезінуі керек деп есептейді.
— Мердігерге жөндеуге уақыт берді. Жөндеу жұмыстарын бастап жатқан. Бірақ нақты білмеймін. Бұл жерде әрбір аудан, қала әкімі мына жобаны іске асырамын деді ме, оны өз мойнына алуы тиіс, — деді Есет Аманбаев.
Ал «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Ақтөбе облыстық филиалының директоры Тельман Малаевтің айтуынша, 2022 жылы Мұғалжар ауданы бұл нысанды тексеруге өтішін бермеген.
Ал мердігер сол жылы 3 шақырым жолды салып, құрылыс ауыспалы болған соң 2023 жылы тексеру тізіміне енгізеді. Мұнда тығыздық коэффиценті сәйкес келмейді.
— Жол салу кезінде қолданған материалдың 95% талапқа сай келмейді. Біз осындай қорытынды бердік. Бір күні әлеуметтік желіден үлкен кісінің шағымын көрдім. Анықтаманы дайындап, ашығын жаздық. Ол жерде Мұғалжардан шығатын қиыршық тастың сапасы талапқа сай, қалған жұмыстарының бәрі сапасыз, — деді Тельман Малаев.
Оның айтуынша, республикалық, облыстық, қалалық маңызы бар жолдардың мердігерлері техникалық-материалдық жағынан қуатты. Ал аудандарға бірер техникасы бар мердігерлер барады.
— Олар жол төсеуге қажетті техникалардың жалға алады. Кейде үнемдеп қалғысы келіп, кейбірі мүлде қолданбайды. Сондықтан аудандық маңызы бар жолдардың сапасы нашар. Жалғыз мердігерді кінәлауға болмайды. Былтыр облыс бойынша техникалық қадағалауға 1 млрд теңге ақша бөлінген. Біздің бақылау бойынша олар құрылыс басында болмайды. Қаланың өзінде біз қуып жүріп іздеп, «қайда жүрсің» деп сұрап, шақырамыз. Шын мәнінде техникалық бақылаушы әр қадамын қарап, қажет кезде ескертіп беруі тиіс. Ал орталық мамандары жол салынған соң сынама алады. Оны тексеріп, қорытындысын шығарамыз. Сынама қанша су сіңіретінін тексереміз. Су көп сіңірсе, қыста қатады, жабындысы бүлдіріп, асфальт үгітіледі. Адамдар «қармен бірге еріп кетті» деп айтады. Бәрі осыдан, — деді Тельман Малаев.
Сонымен бірге құрылыс материалдарының сапасы жолдың дұрыс сақталуына септігін тигізеді. Өңірде қазір Мұғалжар тауынан алынатын қиыршық тас тасылып жатыр.
Онда 18 карьер жұмыс істеп тұр. Ал битум Ақтаудан әкелінеді. Ал бірлескен тексеруде өңірдегі 30 асфальт-бетон зауытының 10-ы талапқа сай келмеген.
«Ақтөбенің жолдары нашар»: Стреотип әлде шындық?
Дәл осы сауалды мемлекеттік мекеме өкілі мен жол сапасын бақылайтын орталық басшысына қатар қойдық. Жауап әртүрлі.
— «Ақтөбенің жолдары нашар» деген стреотип «Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ-Ұлғайсын» жолына қатысты деп ойлаймын. Транзит кезінде бірінші сол жолды көреді. Мен республикалық жолымыз түгелденгеннен кейін бұл стреотип болмайды деген ойдамын. Жолдың құрылысына, сапасына сын көп. Бірақ қалада, аудан, ауылда көп жұмыс атқарылып жатыр. Асфальт болмаған жерге төселіп жатыр. Сапа жағынан келер болсақ, кем жерлері бар. Оны жоққа шығаруға болмайды. Мердігерлердің жауапкершілігіне байланысты ол, — деді Есет Аманбаев.
Оның айтуынша, жаз айлары аяқталып, күз тақағанда жол салуға жанталасатын мердігерлердің де ойы шала. Көбі ол кезде техника жоқ, карьер рәсімдеп жатырмын, битум жоқ деп түрлі сылтау айтады. Жалпы Ақтөбеде 100-ге жуық компания жол құрылысын жүргізеді.
— Өңірдегі аудандардан басқасында жол құрылыс дұрысталып келе жатыр. Қалада бәрі дұрыс сияқты. Аудандарда маман жоқ, жол құрылысының 95 пайызы талапқа сай емес. Көбіне тығыздық коэффиценті сақталмайды, — деді Тельман Малаев.
Тасқыннан кейінгі жұмыс
Тасқын кезінде Ақтөбеде 47 шақырымнан асатын жол бүлінді. Кей тұста жол жабындысы түгел көтеріліп, шашырап қалған.
— Су тасқыны кезінде облыстық, аудандық маңызы бар жолдарды шаю, су өту бойынша 51 дерек тіркелді. Су деңгейі төмендеп, бәрі қалпына келген соң зерттеу институты мен жобалаушылар бірігіп, бар жолға скрининг жүргізді. Жұмыс аяқталған соң 58 жоба дайындалып, 47 км жол, 23 көпір, 100-ге жуық су өткізгіш құбырын салу жұмысы басталды. Барлық жоба қараша айында аяқталады. Дегенмен Ойыл ауылына кіреберіс көпір ауыспалы жоба. Оны бұзып, қайта салады. Сонымен бірге Жайсаңбай ауылына қатынасты жандандыру қиынға соқты. Бұрын тұрғындар қара жолмен қатынаған, ол да су астында қалды. Таяуда ғана құбыр қойып, құм толы қапшықпен бекітуге мүмкіндік жасалды. Ал Нұра ауылына барар жолда әлі де су бар. Тек ауыл Сарыобаға көшірілді, — деді Есет Аманбаев.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі Ақтөбе облыстық департаменті де жол сапасын тексеріп жүр. Департаменттің хабарлауынша, әзір тексеру аяқталмады.
Ал Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тапсырыс берген жолдарда техникалық қадағалаушыларға 275 603 000 теңге бөлінген. Сонымен бірге әр аудан, қала жол құрылысы кезінде техникалық қадағалаушыларға бөлек тапсырыс береді.
Тапсырыс беруші, мердігер, қадағалаушы үштігі жұмыс жүргізіп жатқанымен, Ақтөбе әлі күнге дейін «жол нашар» пікірінен арылмады.