Ақтөбеде үгітіліп жатқан жол мәселесі: басқарма мердігерді сотқа бергенімен жеңіліп қалды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Жұрын мен Қаракөл ауылдарының арасындағы жол құрылысы биыл толық аяқталуы тиіс. Мұғалжар аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мердігерді сотқа бергенімен, жеңіліп қалды.

жол
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотта Жұрын-Қаракөл арасындағы 30 шақырымдық жол мәселесі қаралды. Іс материалына сүйенсек, 2022 жылы 4 шілдеде Мұғалжар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен «САБ-ДорСервис» ЖШС Жұрын-Қаракөл-Ащысай аудандық маңызы бар автомобиль жолы 0-15, 15-30 шақырымына орташа жөндеу туралы шарт жасалған. №58 шарттың жалпы сомасы - 743 117 396 теңге, №59 шарттың жалпы сомасы - 745 873 664,48 теңге. Орындау мерзімі – 9 ай. 

жол
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Тараптар №58 шарт бойынша 729 459 940,56 теңгеге, №59 шарт бойынша 745 913 664,48 теңгеге жұмыстың орындалғаны жөнінде акт толтырып, қол қойылған. Кейін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаменті, облыстық Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің аудиторы және маман Т.Н.Биданова Жұрын-Қаракөл-Ащысай аудандық маңызы бар автомобиль жолында 326 млн теңгеден астам соманың жұмысы атқарылмағанын анықтады. Сотта талап қоюшы Мұғалжар аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі 326 294 933 теңге сомасын өндіруді, ақауларды қалпына келтіруді және жұмысты аяқтауға міндеттеуді сұраған. Сот «САБ-ДорСервис» ЖШС-нен мемлекет пайдасына 47 487 022 теңге, жергілікті бюджет пайдасына 1 454 611 теңге мемлекеттік баж сомасы өндіру туралы шешім шығарды. Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылды. 

жол
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

«Сотқа бердік, шара қолдану жөнінде хат жаздық. Мердігерді жосықсыз деп тану, жұмысты аяқтау туралы талап қойдық. Бірақ сотта ұтылып қалдық. Қазіргі уақытта мердігер үш учаскені қайта қырып қойды. Ол жерлерді бетондап, қайта салады. Бірақ асфальт төсеу жұмысын бастамады. Негізі жұмыстың тең жартысын Мұғалжар аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қабылдаған. Тек сәйкестендіру сертификаты жоқ. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы сынама алғанда «сай емес» деп таныды. Сонда да сол кездері ақшалары төленген, аударылған. Ақшаның басым бөлігін мердігер игерді. Ол кездегі басшы қазір жоқ, басқа ауданға ауысып кетті», - деді Мұғалжар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жандос Утеулин.

Еске салсақ, ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Ақтөбе облысы Жұрын мен Қаракөл ауылдарының арасындағы жол сапасын сынап, тұрғындардың шағымына дер кезінде назар аударуды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар