Ақтөбе облыстық жедел жәрдем бекетінде дәрігерлер жетіспейді

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе облыстық медициналық жедел жәрдем бекетінде көліктердің 30% жарамсыз. Облыста 93 бригада жұмыс істеу тиіс болса, соның тек 52-сі ғана бар. Сонымен бірге дәрігерлер жетіспейді. Kazinform тілшісі түрік инвесторлары салып, кейін жергілікті әкімдік өз қолына алған жедел жәрдем қызметінің материалдық-техникалық жағдайымен танысып қайтты. 

Ақтөбе медициналық жедел жәрдем бекетінің негізгі ғимараты — Алтын орда шағын ауданында орналасқан. 2017 жылы мұны түрік инвесторлары салып, елімізде алғаш рет мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы салынған нысан қолданысқа берілді. Сол жылы инвесторлар жедел жәрдемге 16 Merсedes, 16 Нива көлігін берді.

Алайда 5 жыл өткенше көлік сатып алынбай, техниканың тозу көрсеткіші артты. Ал 2022 жылы Ақтөбе облыстық медициналық жедел жәрдем бекеті облыстық денсаулық сақтау басқармасына қайта өтті. Сол жылы 52 көлік сатып алынды.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

— Ақтөбе медициналық жедел жәрдем бекетінде 110 машина бар. Оның тек 72-сі ғана жүріп тұр. Қалған 38-і жарамсыз күйге түскен, іске аспайды. 2022 жылы Hyundai маркалы 35, JAC маркасы 17 көлік сатып алынды. Ақтөбе облысында 930 мың халық бар десек, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес 10 мың адамға 1 көлік болуы тиіс. 110 деп санын алар болсақ, қажетті 93 көлік бар. Бірақ оның бәрі емес, тек 72-і жүріп тұр. Біз әлі күнге дейін осы 93 бригаданы жасақтай алмай жүрміз. Көлік керек әрі маман да тапшы. Бір жағынан шақыртудың төртінші санаты емханаларға берілгенін ұмытпаған жөн. Оларда 41 бригада, 41 машина бар, — деді Ақтөбе облыстық медициналық жедел жәрдем бекеті бас дәрігерінің әдістемелік жұмыстарды ұйымдастыру жөніндегі орынбасары Гүлжанат Кушетова.

Жедел жәрдем бригадасында дәрігер тапшы

Екі жыл бұрын сатып алынған 52 көліктің екеуі санавиацияға берілді. Ал 16-ы аудандарға бөлінді. Мұнда көлікпен қатар дәрігер мамандар жетіспейді. Бұл қазір өзекті мәселе болып тұр. 

— Бізде интенсивті терапия бригадасы мен педиатрия бригадасына маман жетіспейді. Қазіргі күні әлі де 10 педиатр, 20 терапевт керек. Ал бізде бас дәрігерді қосқанда 47 дәрігер бар. Сонда бізге әлі 30 дәрігер қажет. Медициналық оқу орнын бітірген кез келген маман мұнда келе алмайды. Себебі талап өзгерді. Жәдел жәрдем дәрігері маманын ғана жұмысқа ала аламыз. Ол үшін 5 жыл институтта оқып, екі жыл жалпы тәжірибелі дәрігер мамандығын, тағы үш жыл резидентурада білім алуы тиіс. Демек 10 жыл оқып келген маман ғана жедел жәрдем дәрігері бола алады. Ақтөбеде медициналық университет болғанымен, резидентура жоқ, сондықтан бізге мамандардың жаппай келуі тоқтады. Қазір фельдшерлер ғана келіп, солар жұмыс істеп жүр, — деді Гүлжанат Кушетова.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Ақтөбе облысында биыл тағы 41 көлік сатып алынады. Демек кадр тапшылығы мәселесі күн сайын қордалана түседі. 

— Біз тек дәрігерді емес, фельдшерлерді де көбейтеміз. Бірақ жалпы тәжірибелі дәрігерге басымдық береміз. Олар баланы да, ересектерді де қарап, диагноз қояды, көмек көрсетеді. Егер дәрігер жеткілікті болса, педиатрия, интенсивті терапия бригадасы деп бөлмей, тең жұмыс істей алатын еді. Біздің жалақыда айырмашылық бар. Мамандар түнгі ауысымда жұмыс істесе еңбекақы бөлек есептеледі. Сонымен бірге психоэмоционалды төлем бар, — деді Гүлжанат Кушетова.

Қазіргі кезде облыстық жедел жәрдем бекетінде 47 дәрігер, 441 фельдшер, 212 жүргізуші бар. Егер тағы 41 көлік келсе, әрқайсысына 2 фельдшерден, төрт ауысымда, яғни, 300-ден астам маман қабылданады.

— Мұнда жұмыс істеген мамандар зейнетке шығады, ал оның орнын басатын дәрігер бірен-сараң ғана. 2015 жылы ғана дәрігерлердің жаппай келгені есімізде. Одан соң күрт тоқтады. Талап күшейді, ол да дұрыс шығар. Бірақ біз үшін жергілікті медициналық университетте резидентура ашылуы тиіс. Жастар Алматы, Астанада оқығанымен, бізге келмейді ол жақтан. Сондықтан бір дәрігер, бір фельдшер шығуы тиіс болса, қазір біз екі фельдшер жібереміз, — деді Ақтөбе облыстық медициналық жедел жәрдем бекеті бас дәрігерінің әдістемелік жұмыстарды ұйымдастыру жөніндегі орынбасары Г.Кушетова.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Мамандар жедел жәрдем бекетінде де оқытылады

Ақтөбе қаласында күнделікті 36 бригада жұмыс істеп жүр. Күн сайын басым бөлігі шақыртуға барады. Кадр жетіспеген соң дәрігер орнына екі фельдшер жіберіледі,  оның бірі міндетті түрде ұзақ жылдар бойы тәжірибе жинаған маман болуы тиіс. 

Ал балаға қауіп төніп, жол-көлік апатында шұғыл көмек көрсету қажет болса, дәрігерлер міндетті түрде бригада құрамына кіреді. 

— Жедел жәрдем бекетінде симуляциялық орталық бар. Онда балалар реанимациясы, жалпы реанимацияны оқытуға арналған екі бөлме қарастырылған. Орталыққа маникендер сатып алынды. Арнайы маникен болған соң құны қымбат қажетті құрал-жабдыққа жатады. Балаларға арналған реанимацияда шақалақтарға да көмек көрсету жолын үйретеміз. Себебі жыл сайын 50-60 бала үйде өмірге келеді. Сол кезде фельдшерлер абдырап қалмауы тиіс. Орталықта жүргізуші де біліктілігін жетілдіреді, жолда жүру ережесін қосымша үйренеді. Сонымен бірге жүргізуші алғашқы медициналық көмек көрсетуге қабілетті, — деді Гүлжанат Кушетова. Кез келген ақтөбелік осы бекетке келіп, алғашқы көмек көрсету ережесін үйрене алады. Ол ақылы қызметке жатады. Жалпы көмек көрсету жолын үйрену құны 10 мың теңге болса, өзгесі 15 мың теңге болып бекетілген. Әзірге бұл оқыту курстарына сұраныс аз. 

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Айта кетейік, биыл алғашқы жартыжылдықта 180 мыңнан астам шақырту түсіп, жедел жәрдем бригадасы оның 168 мыңға жуығына барды. Шақыртудың 2 пайызға жуығы бірінші санатқа жатады. Көбі үшінші және төртінші санаттың үлесінде.

Санавиацияға 138 шақырту түсіп, 75 рет ұшуға мүмкіндік жасалды. Өзгесіне жедел жәрдем бригадасы көлікпен барды. Биыл алғашқы жартыжылтықта санавиция мамандары 29 ота жасады.

Аудан, ауылдардағы науқастарға көбіне анестезиолог, акушер-гинеколог, неонатолог, травматолог, хирург және нейрохирург барады.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда төртінші санаттағы жедел жәрдем тәулік бойы қызмет көрсетпеуі мүмкін екені хабарланған блолатын.