Ақтөбе облыстық полиция департаменті бастығының экс-орынбасары сот алдында жауап берді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қалалық сотында облыстық полиция департаменті бастығының экс-орынбасары Алтай Аңшыбаевқа қатысты сот алды тергеу аяқталды. Бүгін бұрынғы полиция қызметкері соттан кепілмен бостандыққа шығаруды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Ақтөбе облыстық полиция департаменті бастығының экс-орынбасары Алтай Аңшыбаевқа осы жылдың мамыр айында ұсталып, қамалды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, бұрынғы полиция қызметкері «жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржыны талан-таражға салды» деген күдікке ілікті. Ал бүгін №2 Ақтөбе қалалық сотында Алтай Аңшыбаевқа қатысты іс түсіп, Қылмыстық кодекстің «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша негізгі сот отырысы болатын күн анықталды.

«Менің төрт балам бар. Оның үшеуі кәмелет жасқа толмаған. Мен 29 жыл бойы құқық қорғау саласында еңбек етіп келемін. Облыстық полиция департаментінің бастығы қылмыстық іс қозғалған кезде менді жұмыстан шығарып жіберді. Ал қызметтік пәтерді 10 күннің ішінде босатуым керек. Әрі бауыр церрозы дертіне шалдығып, ем алдым. Қамауға алынған кезде мені Батыс Қазақстан облысында стационарлық ем қабылдадым. Осы жағдайларды ескеріп, мені кепілмен бостандыққа жіберуді сұраймын», - деді айыпталушы Алтай Аңшыбаев.

Сот отырысы кезінде Алтай Аңшыбаевтың қорғаушылары шығынды есептеуге арналған сараптама қорытындысын жоққа шығарып, қайта есептеуді сұрады. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстары, жөндеу кезіндегі 200 мың мен 6 миллион теңге арасындағы 5 мемлекеттік сатып алу жұмыстарының шығыны дұрыс есептелмеген деген уәж айтты. Қазіргі уақытта шығын көлемі 12 миллион теңгеге жуық деп есептелген. Ал прокурор Жәнібек Төребеков тергеу жұмыстары толық жүргізілгенін, негізгі сот отырысын бастауды сұрады. Оның айтуынша, айыпталушыны кепілмен босатуға еш негіз жоқ.