Комитеттің есебіне сәйкес, аймақтың жалпы өнімі артты. Тұрғын үй құрылысы көбейіп келеді. Әлеуметтік маңызы бар нысандар да көптеп салынуда. Мәселен, екі жылдың ішінде 16 мектеп салынды. Дегенмен, облыстың айналымдағы қаржысы көп емес. Табыстың біраз бөлігі республикалық бюджеттен түсіп отырады. Осы саладағы заң бұзушылықтар да жоқ емес.
«Мысалы, былтыр Хромтау аудандық әкімдігі бюджет қаржысын игереміз деп, 119,9 млн теңгені «Информ Строй Сервис» ЖШС-на аударған. Аталған компания «Самара-Шымкент» тас жолынан Хромтаудағы Абай даңғылына дейінгі жолды жөндеуге келіскен. Алайда тексеріс кезінде 84,1 млн теңгенің жұмыстары атқарылмаған болып шықты. Сол сияқты Қобда аудандық әкімдігі Талдысай мен Иманғали Білтабанов атындағы ауылдарға сумен қамту жүйелерін тартуға «КТП» ЖШС-на 23,7 млн теңге аударып берген. Бірақ ешқандай жұмыс жасалмады. Бұдан бөлек, 2016 жылы «Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Соль-Илецк» тас жолының 267-307 шақырым аралығындағы учаскесі қабылданған болатын. Мердігер біраз жұмысты істемеді. Ал жасаған жұмыстары сапасыз. Соған қарамастан, оған 70,3 млн теңге төленген», - дейді Есеп комитетінің мүшесі Рашит Аxметов.
Өткен жылы Ақтөбе қаласында туберкулезге қарсы облыстық диспансердің құрылысы тоқтатылған болатын. Қазіргі кезде теxникалық-экономикалық негіздемені жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дегенмен, құрылыс басқарамасы «Antares Platinum» ЖШС-на 1,1 млрд теңгені аванспен аударып берді. Бұл ақшаға құрылыстың үштен бір бөлігін істеп тастауға болады. Бірақ компанияны оны бір жылдан бері өзінің есепшотында ұстап отыр. Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунованың пікірінше, Ақтөбе облысы игерілмей қалатын бюджет қаржысын қайтарғысы келмейді. Сол себепті оны жан-жаққа тықпалап тастауға тырысады.
Жалпы, аудит кезінде 10 нысан тексерілді. Оған республикалық бюджеттен 37 млрд теңге бөлінген болатын. Аталған қаржының бәрі 2016-2017 жылдары берілді. «Аудиттің нәтижесі бойынша 468,4 млн теңгенің тәртіп бұзушылықтары анықталды. Облыста бюджеттің 1,1 млрд теңгесі тиімсіз жұмсалған», - деп атап көрсетті Р.Аxметов.