Ақтөбе облысына 502 млрд теңге инвестиция тартылады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларды нақтылады. Биыл өңір экономикасындағы өсім 5 пайыздан төмен болмауы тиіс, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Үкіметтің кеңейтілген отырысынан соң өңір басшысы Бердібек Сапарбаев мемлекеттік органдардың, кәсіпорындар мен компаниялардың, шаруа қожалықтары мен қоғамдық ұйым басшыларының қатысуымен жиын өткізді. Талап бойынша биыл өңір экономикасының өсімі 5 пайыздан кем болмауы тиіс.

«Негізгі міндеттердің бірі - экономика дамуының қарқынын бәсеңдетпеу. Облыс өткен жылды 5% өсіммен аяқтаған болатын, биыл одан төмен болмауы керек. Ол үшін жұмысқа жылдың басынан бастап белсенді кірісіп, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету қажет»,-деді Бердібек Сапарбаев. Ақтөбе облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Олжас Смағұловтың айтуынша, биыл өнеркәсіп өнімінің көлемі 2 триллион теңгені құрауы тиіс. Бұл 2017 жылғы деңгейден 448 миллиард теңгеге көп. Ал өңдеу өнеркәсібінің өсімі 526 миллиардтан  840 миллиард теңгеге жетеді деп күтілуде.
 

«2015 жылы өңдеу өнеркәсібі облыстағы барлық өнеркәсіптің 26 пайызын құраса, биыл 44%  жетпек. Бұл экономиканың әртараптануын білдіреді және мұнай-газ секторына деген тәуелділікті төмендету болып саналады. Дегенмен, Президент Жолдауына сәйкес тау-кен металлургиялық және мұнай-газ кешені біздің экономикамыз үшін стратегиялық маңызын сақтап қалуы тиіс»,- деді Олжас Смағұлов.

Ақтөбе облысы бойынша өндірістегі технологияны жаңғырту жұмыстары жалғасады. Биыл 25 кәсіпорын 38 миллиард теңге жұмсап, өндірісте цифрландыру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, ЭКСПО-2017 көрмесінің 18 технологиясын енгізеді. Болжам бойынша биыл облыс экономикасына 502 миллиард теңге инвестиция тартылады. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 65,4 миллиард теңгеге көп.
 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл 870 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Ақтөбе нарығына қазақстандық және шетелдік құрылыс компаниялары тартылып, «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» бағдарламалары аясындағы мемлекеттік қолдау көрсетіледі. 

«Елбасы Үкіметтің кеңейтілген отырысы аясында цифрландыру мәселесіне ерекше көңіл аударды. Жалпы алғанда, цифрландыру элементтері экономиканың барлық салаларында, әлеуметтік блоктан бастап, индустрияға дейін енгізілуі керек», - деп атап өтті өңір басшысы Б.Сапарбаев.