«Мемлекет басшысы мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамытуға ерекше көңіл бөледі. Бұл механизм ұзақ мерзімді перспективаға облыстық бюджетке деген жүктемені азайтып қана қоймай, халықтың әлеуметтік қамсыздандыру мәселесін жақсартады. Біз МЖӘ белсенді дамытуды жалғастыруға ниеттіміз», - деп атап өтті Б.Сапарбаев.
Бүгінде Ақтөбе облысы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін және мемлекеттік-жеке меншік серіктестікті дамытуда жетекші орында тұр.
Мәселен, Ақтөбеде «Қазхром» ТҰК» АҚ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 1,5 млрд. теңгені құрайтын балаларды дамытуға арналған Шығармашылық академиясы салынды.
Сондай-ақ, «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» АҚ қаражаты есебінен Қазақстанның батыс аймағындағы ең ірі орталық - Өнер орталығы салынды. Оның аумағы 13 мың шаршы метрді құрайды.
Жергілікті кәсіпкер қаланың «Батыс-2» ықшамауданында Жекпе-жек сарайын сыйға тартты. Бұл жобаға салынған инвестиция көлемі 1,8 млрд. теңгені құрайды. Әмбебап зал түрлі спорт түрлерінен: бокс, күрес, дзюдодан сайыстар өткізуге мүмкіндік береді.
«Сәби» жеке қайырымдылық қорының инвестициялары арқасында «Мейірім» әлеуметтік бейімделу орталығы салынды. Қазақстанда баламасы жоқ аталмыш кешенде бүгінгі таңда 16-29 жас аралығындағы балалар үйінің тоқсаннан аса түлегі тұрады, жұмыс істейді.
МЖӘ жобалары арасында жақында пайдаланылуға берілетін тағы бір құнды жоба-балалар мен ересектерге жоғары мамандандырылған офтальмологиялық көмек көрсететін «Дару Жарығы» офтальмологиялық орталығы бар. Жоба құны - 3,2 млрд. теңге.
Жаңа неке сарайы және тарихи-өлкетану мұражайы ғимаратының жалпы құны шамамен 2 млрд теңгені құрайтын құрылыс және жабдықтау жұмыстары аяқталуға таяу.
Әлеуметтік нысандарды салуға биыл 29 млрд. теңге көлемінде бюджеттен тыс қаражат тартылды, ал 2017-2019 жж. 69 млрд теңге тарту жоспарланып отыр.