Ақтөбе облысында 473 мемлекеттік орган тіркелген

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Біздің департамент өз жұмысын ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің стратегиялық жоспарларына сай мемлекеттік қызмет өткеру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыттары бойынша жүзеге асырады.

2016 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Ақтөбе облысында 473 мемлекеттік орган тіркелген. Олардағы мемлекеттік қызметшілердің штаттық саны 4765 бірлікті құрайды. Мемлекеттік қызметшілердің нақты саны - 4427 адам. Қазіргі уақытта бос жұмыс орыны 338 бірлікті құрайды. Мемлекеттік қызметшілердің тең жартысынан астамы әйелдер  - 2534. Мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы 38,7-ні құрайды.

Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Қайыржан ТоқышевтіңАқтөбе газетінде жарияланған мақаласында жазылған.

Ағымдағы жылдың басынан бері облыстағы мемлекеттік органдар тарапынан бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға орналасу үшін барлығы 547 конкурс жарияланған. Оның 247-і сол органдардағы мемлекеттік қызметшілер арасындағы ішкі конкурс болса, 123-і барлық мемлекеттік қызметшілер арасындағы ішкі конкурс, 177 жалпы конкурс.

Аталған конкурстардың 258-де жеңімпаздар анықталды. Ал, қалған 289 бос орынға жеңімпаздар анықталған жоқ. Оған үміткерлердің тіркелмеуі мен әңгімелесуге келмеуі себеп болған. Ал 23 конкурс комиссия мүшелерінің шешімімен тоқтатылған. 272 бос орынға әңгімелесу жүргізілді, оның ішінде 261-і немесе 96%-ы, бақылаушылардың қатысуымен өтті.

Ағымдағы жылдың басынан «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына орналасу үшін 1342 кандидат тестілеуден өтсе, оның 547-і немесе 40,7%-ы ғана шекті мәннен жоғары нәтиже алған.

Бос орындарға өткізілген конкурсқа қатысушы үміткерлердің аздығына да осы тестілеу нәтижесінің төмендігі себеп.

Сондай-ақ 6 ай ішінде 644 адам жеке қасиеттерін бағалау бойынша тестілеуден өткен.

Жыл басынан бері тестілеу қорытындысынан төмен нәтиже алған 4 үміткер апелляциялық өтініш түсірген. Оның біреуінің өтініші қанағаттандырылып, қайта тестілеуден өтуге рұқсат берілді.

«Б» корпусының кадр резервінен 14 адам жұмысқа орналастырылды, 13 адам мерзімінің аяқталуына байланысты резервтен алынса, 2 адам өз еркімен резервтен босатылды. Қазіргі таңда 28 адам 42 санат бойынша кадр резервінде тұр.

2016 жылдың жоспарына сәйкес жергілікті атқарушы органдардан 783 мемлекеттік қызметкерді оқыту үшін 39,817 мың теңге қарастырылған. Бұл мемлекеттік қызметкерлердің 295-і қайта даярлау курстарынан өту керек болса, 488-і біліктілігін арттыру курстарынан өту тиіс болатын.

Жыл басынан бері мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру өңірлік орталығында 424 адам оқып, оның 272-і қайта даярлау, 152-і біліктілігін арттыру курстарынан өткен.

Сондай-ақ аталған орталықта үстіміздегі жылы орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінен 133 мемлекеттік қызметші оқыған. Оның 49-ы қайта даярлау, 84-і біліктілігін арттыру курстарынан өтті.

Жаңадан келген 64 мемлекеттік қызметшіге сынақ мерзімі тағайындалды. Оның 21-і сыннан сүрінбей өтсе, қалған 43-нің сынақ мерзімі әлі аяқталған жоқ. Жаңадан келген 40 қызметкерге тәлімгер бекітілген.

Тәлімгерлік бекіту жөнінде департаменттің ұйытқы болуымен барлық мемлекеттік органдарда семинарлар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, әдістемелік ұсыныстар әзірленді.

Департаментте көшпелі құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізетін арнайы топ құрылып, кестесі бекітілген. Екінші тоқсаннан өз жұмысын бастаған бұл топ осы уақытқа дейін Қобда, Мәртөк, Хромтау, Мұғалжар аудандарында болып, департаменттің Ашық есік күнін өткізді. Жыл аяғына дейін мұндай шаралар облысымыздың қалған 8 ауданында да өткізілмек. Ол үшін департаментте арнайы әдістемелік құралдар әзірленген.

Қазіргі таңда департамент қызметінің басым бағыттарының бірі «Е-қызмет» біріктірілген ақпарат жүйесін енгізу болып табылады. Аталған жүйеге қосылуы тиіс 443 мемлекеттік органның 441-і қосылып, штаттық режимде жұмыс жасауда.

Мемлекеттік органдардағы «Е-қызмет» жүйесінің жұмысына департамент тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады. Сондай-ақ, аталған жүйенің қызметіне қатысты мемлекеттік органдардың кадр қызметкерлерімен бірнеше кездесулер өткізіліп, түсіндіру шаралары өткізіліп келеді.

Жарты жыл ішінде департамент Әдеп жөніндегі кеңестің 6 отырысын өткізіп, 10 тәртіптік іс қаралды. Қаралған істердің қорытындысы бойынша 1 адам жұмыстан босатылды, 6 тұлғаға қызметіне сәйкес еместігі туралы ескерту, 2 адамға қатаң сөгіс берілсе, 1 тәртіптік іс тоқтатылды.

Тоғыз тәртіптік жауаптылыққа тартылған тұлғаның 5-еуі мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін теріс қылық жасағаны үшін, 4 тұлға Этикалық кодекс нормаларын бұзғаны үшін жазаланған.

Сондай-ақ кеңес отырысында 12 мемлекеттік орган басшылары мен Мәртөк, Байғанин аудандары әкімдерінің есебі тыңдалды.

Сонымен қатар, кеңестің отырыстарында департаменттің құрылымдық бөлімшелерінің басшыларын тыңдау да кеңінен тәжірибеге енген. Мәселен, департаменттің 5 басқарма басшысы өз жұмыстарының қорытындысы бойынша кеңесте ақпарат берді.

Әдеп жөніндегі кеңестің кез келген отырысы қоғамға ашық, бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен өткізіліп келеді.

Мемлекеттік органдардағы тәртіптік комиссиялардың қызметін үйлестіру жөніндегі кеңестің функцияларын жүзеге асыру бойынша департамент қызметкерлері тарапынан тоқсан сайын барлық мемлекеттік органдардағы тәртіптік жазаға тартылған мемлекеттік қызметкерлердің материалдары сараланып отырылады.

Департаментке жеке және заңды тұлғалардан 114 өтініш келіп түссе, оның ішінде тоқсаны қаралып, он үші басқа мемлекеттік органдарға, алтауы жоғары тұрған органға жолданды, бесеуі қаралу сатысында.

Келіп түскен өтініштердің 82-і мемлекеттік қызмет туралы заңнама мен қызметтік этика саласына қатысты, оның 44-і қаралып, 30-ы басқа органдарға жолданды. Өтініш берген екі адамның құқығы қалпына келтірілді.

Мемлекеттік қызметтер көрсету саласына қатысты да арыз-шағымдар түсуде. Мемлекеттік қызмет өткеру саласы бойынша келіп түскен 18 өтініштің барлығы қаралып, түсініктеме берілді. Ал, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласына қатысты 1 өтініш те қаралып, зерттелді.

Департамент қызметкерлері есепті мерзім ішінде 11 тексеріс жүргізді. Оның төртеуі таңдамалы, жетеуі жоспардан тыс тексерістерді құрайды. Бұл тексерістер қорытындысы бойынша 8 135 заң бұзушылық анықталып, нәтижесінде 4 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.