Ақтөбе облысында алғаш рет түйеқұс өсірілмекші

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қобда ауданы Әлия ауылының тұрғыны облыста бірінші болып түйеқұс өсіруді қолға алады, деп жазады облыстық газет.

«Түйеқұстың балапандарын Ресейдің Самара қаласынан алуды жоспарлап отырмыз. Былтырдан бері Самара қаласындағы түйеқұс фермасында бірнеше рет болып, ондағы фермерлерден бұл құсты күтіп-баптаудың, өсірудің қыр-сырын білдік. Биыл мамыр айының соңында түйеқұстың бір айлық балапандарын ауылға алып келеміз», - дейді Сайлау Матаев.

Оның айтуынша, түйеқұс күтімді, қамқорлықты онша қажет етпейді. Түйеқұстар үшін ашық алаңқайда, табиғат аясында жүрген пайдалы. Ауа райы жауын-шашынды, суық болған күндері жылы жерде тұрғанды ұнатады. Сондықтан ол жазда ауласына түйеқұс тұратын қора салуды жоспарлап отыр.

«Әуелі климат ерекшелігіне мән бердім. Сөйтіп, Ресейдің ауа райы, әсіресе қысқы климаты біздікіне ұқсас келетініне көз жеткіздім. Түйеқұстар 30-35 градус аязға шыдайды. Сондықтан бұл құсты өсіруде Ақтөбенің аязы бөгет бола алмайды», - дейді Сайлау.

Сайлау Матаев биыл «Жұмыспен қамту - 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы түйеқұс өсіру үшін 1,7 млн теңге көлемінде несие алды.

Самаралық фермерлер түйеқұстың бір балапанын 56 мың теңгеге бағалап отыр. Әзірге 20 балапан алу жоспарланған. Түйеқұстың балапанын еркек-ұрғашысын кішкентайында ажырату мүмкін емес. Өсе келе, яғни 6-8 айлығында ғана оларды ажыратуға болады. Сондықтан да балапанды неғұрлым көбірек алу керек екен.

«Түйеқұс жейтін азықтың бірі - орамжапырақ. Дегенмен бұл құсқа орамжапырақтың тартылған түрін әзірлеу керек. Өйткені түйеқұста тіс болмайды. Сосын уақытында суарып отырса, басқа қиындығы жоқ. Егер жоңышқа болмаса, шөпті көктей орып, қысқа сақтау керек. Шөпті ылғалдай сақтауға болмайды. Қазір Самара қаласындағы фермада түйеқұстың голландиялық және африкалық түрлері өсіріліп жатыр. Түрі мен түсінде өзгешелік айқын байқалады. Дегенмен көпшілігі голландиялық түрін өсіруге әуес. Ақтөбеге африкалық түрін әкелуді ойластырып отырмын», - дейді Сайлау.

Әзірге түйеқұсты өсіріп, санын көбейтуді ғана мақсат етіп отырған Сайлау бұл құстың пайдасы шаш етектен екенін айтады. Терісі, тұяғы, тұмсығы, еті, жұмыртқасы - бәрі кәдеге жарайды. Ол малға қарағанда тез өседі әрі тез көбейеді.