Ақтөбе облысында ауыл тұрғындарының газдан улану себебі белгілі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Бекболат Оразбаев өңірдегі газдан уланған 5 ауыл тұрғынының денсаулығына қатысты мәліметті жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«4 қыркүйек күні сағат кешкі 22-00-де шақырту түсіп, Кеңқияқ ауруханасына 8 адам, оның ішінде 4 бала жеткізілді. Олар ауруханаға жеткізілген сәтте бас ауыруына, бас айналуына шағымданды. Тексеру жүргізілгеннен кейін 4 пациент үйлеріне жіберіліп, төртеуі дәрігерлердің қадағалауына алынды. Қайта тексеру кезінде қандай да бір өзгеріс болмағаннан кейін қалған 4 адам да үйлеріне жіберілді. Қайтадан шақырту болған жоқ. Балалардың жастары – 5 пен 11 жас аралығында», - деді ол.

Оның атап өтуінше, науқастар ауруханаға жеткізілген сәттегі шағымдардың негізінде оларға «газдан улану» диагнозы қойылған.

Ал Темір ауданына газ тасымалдау және газ құбырларына техникалық қызмет көрсетумен айналысатын «Техногаз» компаниясының бас директоры Руслан Әміртаев тұрғындардың газдан улануына қатысты алдын ала себептерін айтады. Оның атап өтуінше, оған «одорант» себеп болуы мүмкін. Бұл қоспа газға иіс беру үшін қосылады.

«Газ тарату желісіндегі жоспарлы жұмыс аяқталғаннан кейін «одорант» қостық. Бірақ, оны нормадан артық қосып жіберген сияқтымыз», - деді ол.

Айта кетерлігі, осы оқиғадан кейін Кеңқияқ, Шұбарши, Құмсай, Қопа және Сарыкөл ауылдарының тұрғындары өздерін жайсыз сенгендіктерін айтқан.

Бұған дейін Кеңқияқ ауылының ауруханасына 8 тұрғын газбен улану белгілерімен жүгінгенін жазған едік.

https://kaz.inform.kz/news/aktobe-oblysynda-auyl-turgyndary-gazga-ulanyp-auruhanaga-tusti_a4108154