Ақтөбе облысында балалар үйлерінің тәрбиеленушілері жұмыспен толық қамтылады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе өңіріндегі балалар үйлерінің тәрбиеленушілері түгел жұмысқа орналастырылады. Қазір ірі кәсіпорындармен келіссөздер жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл Ақтөбе облысында балалар үйлері тәрбиеленушілерінің 69-ы қолдарына диплом алады. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті мен Сақтаған Бәйішев атындағы университетті 15 студент бітіреді. Ал арнаулы орта оқу орындарында 54 түлек бар. Барлығын жұмысқа орналастыру үшін қазір ірі компаниялармен келіссөздер жүріп жатыр. Олардың арасында Ақтөбе хром қосындылары зауыты, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен Дөң кен байыту комбинаты бар.

«Хромтау ауданында білім алып жатқан студенттерді алдағы уақытта кен орнына жұмысқа орналастырғымыз келеді. Сонымен қатар, балалар үйінің тәрбиеленушілері Алға, Мұғалжар, Мәртөк аудандарында оқып жүр. Олардың көбі техникалық мамандықты меңгерген. Ал жоғары оқу орындарының түлектері педагогикалық мамандықтың иесі болып шығады. Жұмысқа орналастыру кезінде түлектердің жалақысына баса назар аударылады. Себебі, балалар үйінен шыққандардың көбі пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Олардың табысы пәтерге, азық-түлік пен киімге, күнделікті жол қатынасына жетуі тиіс»,- деді «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Асылжан Бүркіталин.

«Нұр Отан» партиясының «Сәтті қадам» бағдарламасы аясында ірі өндіріс орындарымен қатар шағын және орта бизнес нысандарымен арада келісім жүргізіледі. Ірі өндіріс орындарымен арадағы келісімді «Жас Отан» жастар қанаты қолға алса, шаштараз, азпаз секілді мамандықтарды игерген түлектер қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы еңбекке араласады.

Айта кетейік, жұмыс берушілер «балалар үйінің тәрбиеленушілері дұрыс жұмыс істей алмайды» деген қасаң ойдан арылмаған. «Жасотандықтар» жас мамандарға кепіл болып, өткен жылы еңбекке араласқандардың барлығы табысты жұмыс істеп жүргенін мысалға келтірген.