Ақтөбе облысында Есет батырдың 355 жылдығы аталып өтуде

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында Есет батыр Көкіұлының 355 жылдығы тойланып жатыр. Бұл туралы өңір әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Негізгі мерекелік шаралар Есет батыр кесенесі мен қорымы орналасқан Алға ауданы Бестамақ ауылының маңында өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген шара қонақтары киіз үйлерден дәм татып, ат жарысы мен Есет батырдың ерлігін баяндайтын театрландырылған көріністерді тамашалады.

Қазақ тарихында аты аңызға айналған тұлғаның рухына тағзым етуге келгендердің қатарында белгілі мәдениет қайраткерлері Асанәлі Әшімов, Ілия Жақанов, Алтынбек Қоразбаев, Несіпбек Айтұлы, Жүрсін Ерман, Қасымхан Бегманов, Өмірзақ Озғанбаев, Ақұштап Бақтыгереева, Бауыржан Жақып және тағы басқалары бар.

Халық әртісі Асанәлі Әшімов мұндай шаралардың өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін оятып, ұлттық тәрбие беру үшін маңызы зор екенін атап өтті.


«Қазақ болып туғаныма қуанамын, әсіресе, оның өнерін қуғаныма қуанамын. Сахнадан, экраннан жақсы кейіпкерлер жасап, өмірге қайта туа аламын. Қазақтың кең, байтақ жеріне қуанамын. Мен әрқашан халықпен біргемін. Есет батыр барша халыққа, әсіресе, жастарға өзінің ерлік істерімен үлгі», – деді А.Әшімов.

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов еліміздің тәуелсіздігі мен азаттығы үшін күрескен батырлардың ерлігін еске алу ұрпақ парызы екенін айтты.

«Тарихы терең қарт Ақтөбенің киелі топырағында кіндігі кесіліп, жауда батырлық, дауда шешендік танытып, халқының бостандығы мен ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін сақтау жолында жанқиярлық ерлік көрсетіп, тұлғалық деңгейге көтерілген ұлдары аз емес. Осындай – ел басына күн туғанда халқымыздың бағына біткен, батыл да байыпты мәмілегер, саясаткер, елдің бірлігіне ұйытқы бола білген, қол бастаған батырымыз – Есет Көкіұлы. Есет батыр бүкіл өмірін халқының азаттығына арнаған, ерлік жолы ұлт тарихына алтын әріппен жазылған тұлға» – деді Е.Тоғжанов.

Мерекеге орай ұлттық ат спорты түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Бәйгеге 50-ге жуық шабандоз қатысты. Аламан бәйгедегі бас жүлдеге тігілген автокөлікті Қобда ауданының тұрғыны алса, екінші орынға тігілген 1 миллион теңге жүлдені Астана қаласынан келген шабандоз жеңіп алды.

Айта кетерлігі, Есет батырдың 355 жылдығына орай тағы бірқатар шаралар өткізілмек. Кеше «Еркіндік қыраны, шарықта» атты екі күнге созылатын республикалық ақындар айтысы өткен еді. Байқауға Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасы төрелік етті.